Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жезқазғанда ұрлық жасауда күдікті азамат ІІБ-ның 4-ші қабаттағы терезесінен секірді

ҚАРАҒАНДЫ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Жезқазған қаласында ұрлық жасады деген күдікпен ұсталған азамат қашып кетпекші болып, полиция ғимаратының 4-ші қабаттағы терезесінен секірді. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жезқазғанда ұрлық жасауда күдікті азамат ІІБ-ның 4-ші қабаттағы терезесінен секірді

Оқиға 16 қаңтар күні болды. «Құлау салдарынан 25 жастағы күдікті ер адам дене жарақаттарын алып, қалалық ауруханаға жеткізілді. Оған күзет қойылды», - делінеді хабарламада.

Полицияның ақпаратынша, Сәтбаев-Рудник кенті тас жолында ет тиеген «Тойота» көлігі тоқтатылды. Жағдайды анықтау мақсатында оның жүргізушісі мен үш жолаушысы Жезқазған қалалық ІІБ-на жеткізілді. Жауапкершіліктен қорыққан бір жігіт қашпақшы болып, терезеден секірді.

«Тексеру барысында ұсталған азаматтардың Ұлытау ауданы Жезді кентінде жайылып жүрген үш жылқыны сойғандары анықталды. мал етін бөлшектеген олар оны көліктің жүк салғышына салып, Жезқазған жаққа беттеді. Рудник кентіне жақындағанда оларды жол полициясының қызметкерлері ұстады», - деп түсіндірді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Анықталғандай, ұсталғандар жануарларды мылтықпен атып өлтіріп, содан кейін қаруды тығып тастаған. 16-шы калибрлі екі аңшылық мылтық тәркіленді.

«Аталған фактімен ҚР ҚК-нің 175 бабының 3 бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азаматтар уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Жылқылардың иесі де анықталды - Жезді кентінің 45 жастағы тұрғыны өзіне келтірілген шығынды 2,4 млн. теңгеге бағалады», - деп атап өтті облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Алынған айғақ дәлелдер бойынша сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Ведомствоның баспасөз қызметінен сондай-ақ өз кезегінде ұсталған азаматтың қашу әрекетін жасауға жол берген полицейлерге қатысты қызметтік тексеру өткізіліп отырғанын хабарлады.