Жезтаңдай әнші Рабиға Есімжанованың 100 жылдығына орай ескерткіш бюст орнатылды (ФОТО)
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қорғалжын ауданында Қазақстанның халық әртісі, жезтаңдай әнші Рабиға Есімжанованың туғанына 100 жыл толуына орай, ескерткіш бюст орнатылды.
Елбасымыз Н.Назарбаев: «Өнер сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің қашанда мәртебесі жоғары», - деп атап көрсеткендей, өткірдің жүзімен қашап, кестенің бізімен өрнектеген, бес саусақтың саласындай, Сарыарқаның саумал ауасындай сиқырлы да сұлу әндер қалдырған халқымыздың сүйікті әншісіне ескерткіш бюст Қорғалжын ауданындағы Рабиға Есімжанова атындағы музыка мектебінің ішіне орнатылды.
Осынау салтанаты шараға қазақ өнерінің саңылықтары Алтынбек Қоразбаев, Тұнғышпай Жаманқұлов, Бағдат Самидинова, Сембек Жұмағалиев қатысты.
Қазақтың халық әндері қашанда Алаш өнеріндегі мөлдір бұлақ, кіршіксіз қайнар іспеттес десек, Рабиға апамыздың репертуарында да негізінен, «Әупілдек», «Әпитөк», «Гауһартас», «Жалғыз арша», «Жонып алды», «Ләйлім шырақ», «Құдаша», «Сәулем-ай», «Маңмаңгер», «Дудар-ай» сынды әндер болғаны мәлім.
Рабиға Есімжанованың сахнадан шырқаған әндерінің бәрі де сыйқырлы әуенмен астасып жатыр десек, асыра айтқандық емес. Олардың барлығы да шер қозғайтын, түпсіз ойға батыратын, ешқашан ешкімді бейжай қалдырмайтын кілең ғажап әндер.
«Әнші апамыздың дауысы тұла бойыңды тазартып өтетін мөлдір бұлақтай, жан дүниеңді жарық қылып жіберетін шамшырақтай еді. Әнге әр қосатын, әуенді әуезімен әлдилейтін ерекше дауысы бар әнші болатын», - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сембек Жұмағалиев.
Еске сала кетсек, әнші апамыздың 100 жылдығы сонау Алматыдан бастау алып, Қарағанды облысы, Семей өңірі, тағы басқа да облыс орталықтарында мерейтойлық іс-шаралармен жалғасып, күміс көмей әншінің туған жеріне де келіп жетті.