23:03, 08 Қазан 2013 | GMT +5
ЖХЛ: «Қазцинк-Торпедо» кезекті қарсыласын айқын басымдықпен жеңді
АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедо» хоккей клубы өз жанкүйерлерін тағы бір мәрте қуантты. Кезекті матчта ол «Буран» (Воронеж) командасын айқын басымдықпен жеңді.

Ойынның бірінші кезеңінде «Қазцинк-Торпедоның» хоккейшілері қарсыластардың қақпасына үш бірдей шайба соғып, алға шықты. Екінші кезеңде есеп өзгермеді. 3:0. Ал үшінші кезеңде Өскемен қаласының хоккей клубы шайбаларды қарша боратып, тағы үш шайбаны соғып кетті. «Буран» оның бәріне тек бір шайбамен ғана жауап бере алды. Қорытынды есеп - 6:1. Сөйтіп, «Қазцинк-Торпедо» тағы үш ұпайды олжалап, жалпы турнирлік кестеде оқ бойы озық тұр. Команданың еншісінде 30 ұпай бар. Ал лига чемпионы - «Торос» одан 8 ұпайға қалып келеді.