ЖИ саласының әлемдік сарапшысы Кай-Фу Ли мемлекеттік органдарға арналған «AI Class» курсын өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – GITEX AI Kazakhstan 2026 жаһандық форумы қарсаңында Алматыда елдің цифрлық трансформациясын ілгерілетуге бағытталған маңызды білім беру іс-шарасы өтті.

Әлемдік сарапшы Кай-Фу Ли GITEX AI Kazakhstan 2026 форумы қарсаңында оқыту өткізді
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Онда жасанды интеллект саласындағы халықаралық деңгейдегі сарапшы, доктор Кай-Фу Ли Қазақстанның негізгі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор басшыларына арналған «AI Class» авторлық курсын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. Бағдарламаға Қазақстанның цифрландыру саласының өкілдері қатысты, оның ішінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, «ҰАТ» АҚ және басқа да квазимемлекеттік ұйымдардың басшылары болды.

Доктор Кай-Фу Ли – венчурлық капиталист және жасанды интеллект тақырыбында бірнеше бестселлердің авторы. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі ретінде стратегиялық маңызды қызмет атқарады. Бұл қызметінде ол мемлекеттік органдарға сараптамалық қолдау көрсетіп, ұлттық даму стратегиясын қалыптастыруға және мемлекеттік басқару мен экономиканың цифрлануына ЖИ технологияларын енгізуге ықпал етеді.

Оқыту барысында доктор Ли жасанды интеллектті жаңа өндірістік жүйе және өнімділік инфрақұрылымы ретінде жан-жақты талдады. Оның айтуынша, жасанды интеллект – экономиканың өсуін жеделдететін ең маңызды драйвер саналады. Технологиялардың құны 175 есеге дейін төмендеген қазіргі жағдайда табыстың негізгі факторы – ЖИ жүйелерін жылдам енгізу және олармен тиімді жұмыс істеу қабілеті.

Бағдарламада автономды ЖИ-агенттердің дамуы, жаһандық технологиялық жағдай және мемлекеттік секторда жасанды интеллектті қолдану үлгілері қарастырылды. Қатысушылар модельдер мен құралдарды біріктіруге арналған платформалық шешімдермен, сондай-ақ адам мен алгоритмдердің өзара әрекеттесуінің заманауи әдістерімен, оның ішінде промпт-инжиниринг және «vibe-coding» тәсілдерімен танысты.

Бұл оқыту сессиясы алдағы форумға дайындық аясында технологиялық сала мамандарын даярлаудың бір кезеңі болды. Сессия соңында қатысушылар  ведомстволарында инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларды алды.

Айта кетейік, ертең Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі жасанды интеллектке арналған технологиялық көрме – GITEX AI Kazakhstan 2026 басталады. Форумға 60-тан астам елден саясаткерлер, технологиялық компаниялар, стартаптар және инвесторлар қатысады. Олардың қатарында Cisco, Cloudflare, Google Cloud, Huawei, Dell, H3C Technologies, Lenovo, Trend Micro, Hikvision, HP, Noventiq, Redington, Salesforce, Vertiv, Yandex және басқа да әлемдік технологиялық компаниялар бар.

Бұған дейін қазақстандық студенттер әзірлеген ЖИ жобасы Нью-Йоркте жеңіске жеткенін хабарлағанбыз.