Жыл басынан бері 2 мыңға жуық адам жол апатынан қаза тапты — Әкімшілік полиция
АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылға қарағанда елімізде жол апатының саны артқан.
— Жыл басынан бері 29 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 1 916 адам қаза тапты және 40 мыңнан астам адам түрлі жарақат алды. Салыстырып қарасақ, өткен жылы 22 931 жол апаты тіркелген, 2 114 адам қаза тауып, 29 536 адам жараланған. Құрбандардың жартысын қарапайым ережелерді сақтау арқылы аман алып қалуға болар еді. Ол дегеніміз қауіпсіздік белдігін тағу, мас күйде көлік жүргізбеу, жолда мұқият болу керек, — деді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімшілік полиция өкілінің айтуынша, жол қауіпсіздігі бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар мен акциялар өткізіліп тұрады.
— Өткен жылдан бастап «жасырын» патрульдеу тәсілі қолданылып жатыр. Сонымен қатар, дрон арқылы бақылау енгізілді, оның көмегімен 4 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. «Тәртіп бұзушылармен күрес» мақсатында барлық сандық жүйе мен камера «ТОР» платформасына біріктірілді. Бұл платформа көліктердің қозғалысын қадағалау, іздеуде жүрген көліктерді (маркасы, моделі, түсі бойынша) анықтау, агрессивті жүргізушілерді бақылау, үздіксіз 8 сағаттан астам жүрген шаршаған жүргізушілерді анықтау міндеттерін атқарады. Сонымен қатар Көлік министрлігімен бірлесіп, тасжолдарда орташа жылдамдықты бақылау енгізілді, — дейді ол.
Айта кетейік, елімізде жол апатынан зардап шеккен жандарға өтемақы көлемі артуы мүмкін.