Жыл басынан бері 700-ден астам павлодарлық алаяқтардың құрбанына айналды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірде алаяқтарға арбалған тұрғындардың қатары азаймай тұр. Ең көп таралған схемалардың бірі — «жалған инвестициялар».
Өңірдегі тәртіп сақшылары күн сайын қашықтан жасалатын алаяқтықтың түрлі деректеріне байланысты 5-тен 10-ға дейін арыз-шағым қабылдайды.
Өңірлік полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжановтың айтуынша, жыл басынан 700-ден астам адам қаскүнемдерден зардап шеккен.
- Ең көп таралған схемалардың бірі — «жалған инвестициялар». Алаяқтар келешегі зор деп сипатталатын жобаларға, криптовалютаға немесе танымал компанияларға ақша салу арқылы жоғары табыс табуды уәде етеді. Мұндай уәделерге сеніп қалған кейбір азаматтар өз жинақтарын аударып, несие рәсімдейді және қарызға ақша алады. Сондай-ақ телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері де кеңінен таралған, - дейді ол.
Әдетте, қылмыскерлер кезең-кезеңімен әрекет етеді. Алғашқы кезеңде қаскөйлер өздерін түрлі ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырып, түрлі сылтаулармен SMS-хабарламадағы кодты айтуды сұрайды. Екінші кезеңде шұғыл әрекет етуді талап ететін жасанды жағдай туғызады. Адамға оның аккаунты бұзылғаны, атына несие рәсімдеу әрекеті жасалып жатқаны немесе банк шоттарына қауіп төнгені туралы хабарланады. Ал үшінші кезеңде ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға, несие рәсімдеуге немесе құрылғыға қашықтан қол жеткізу бағдарламасын орнатуға көндіреді.
- Ешқандай «қауіпсіз шоттың» болмайтынын есте сақтау маңызды. Банк, мемлекеттік орган және құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері ешқашан ақша аударуды, растау кодтарын беруді немесе құрылғыны қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуды талап етпейді, - деп қосты басқарма бастығы.
Еске сала кетейік, Павлодарда полицей зейнеткерді алаяқтардан құтқарып қалды.