Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жыл басынан бері есірткі жеткізудің 44 арнасы жойылды - ҰҚК

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2026 жылдың басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл аясында 33 халықаралық және 11 өңірлік жеткізу арнасының жолын кесті. 

Есірткі контрабандасымен айналысқан астаналық 16 жылға сотталды
Фото: Polisia.kz

ҰҚК мәліметінше, осы кезеңде үш жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ арнайы операциялар барысында 3,2 келі героин, 8 келі метамфетамин, 70,6 келі апиын, 129,7 келі гашиш, 16 келі гашиш майы, 282 келі марихуана, 156,5 келі қарасора, 56,4 келі психотроптық зат, 20 тонна көкнәр сабанының шикізаты және 3,8 тоннадан астам прекурсор тәркіленді.

– Шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, 21 халықаралық есірткіге қарсы операция жүргізілді. Аталған құқық бұзушылықтарды жасады деген күдікпен Қазақстанның 114 азаматы мен 7 шетелдік ұсталды, – делінген ҰҚК хабарламасында.

Сонымен қатар шекаралас мемлекеттердің аумағында халықаралық қылмыстық топтардың 14 қатысушысының әрекетіне тосқауыл қойылған.

– Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деп мәлімдеді ведомство.

Айта кетейік, Өскеменде екі жігіттен 90-нан астам есірткі орамасы тәркіленді.