Жыл басынан бері ішкі істер органдары 1885 есірткі қылмысының жолын кесті
АСТАНА. KAZINFORM — ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов есірткі қылмысына қарсы күрестің нәтижелері туралы хабарлады. Оның айтуынша, 6 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде 1 трансұлттық топ жойылды, 9 ұйымдастырушы мен 29 белсенді қатысушы ұсталды.
— Киберқадағалау» жүйесіне 15 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс бұғаттауға жолданды. Ұлттық банкпен бірлесіп 135 млн теңгеге транзакциялар тоқтатылды. 177 мың шетелдік төлем картасы бұғатталды. Есірткі өткізуден түскен кірісті «жылыстатуды» анықтау үшін 26 мың криптоәмиян Қаржылық мониторинг агенттігіне тексеруге жіберілді. 580 кг синтетикалық есірткі, 12 тоннадан астам прекурсор тәркіленді, — деді полиция полковнигі.
Бұл ретте синтетикалық есірткі өндіру ауылдық жерлерге ауысқаны атап өтілді. Қуандық Әлжановтың айтуынша, синтетика өндірумен айналысқан 15 есірткі зертханасының шамамен 70%-ы шалғайдағы ауылдарда орналасқан.
Айта кетейік, 6 мың есірткі сайты мен 9 мың банк картасы бұғатталды.