Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жыл басынан бері су заңнамасын бұзудың 896 дерегі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жыл басынан бері су заңнамасын бұзудың 896 дерегі анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов мәлімдеді.

Бассейндік су инспекциялары қандай өкілеттіктерге ие
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Оның айтуынша, Бас прокуратурамен бірлесіп әзірленген заңсыз су сату мен сатып алудың алдын алу жөніндегі жол картасы аясында мониторингтік топтар күн сайын су пайдалану лимиттерінің сақталуын бақылап, шартсыз немесе рұқсатсыз су пайдалану фактілерін анықтап келеді.

– 2026 жылдың өткен кезеңінде бассейндік су инспекциялары 454 тексеру жүргізіп, су заңнамасын бұзудың 896 дерегін анықтады. Нәтижесінде 183 нұсқама беріліп, жалпы сомасы шамамен 155 млн теңгеге 444 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар 56 материал соттың қарауына жолданды, – деді Сейілбек Нұрымбетов.

Комитет төрағасының айтуынша, алдын ала қабылданған ұйымдастырушылық шаралар, трансшекаралық су нысандары бойынша халықаралық ынтымақтастықтың уақытылы жүргізілуі, су беру режимдерінің жедел реттелуі және су пайдалануға бақылаудың күшейтілуі вегетациялық кезеңнің штаттық режимде өтуіне мүмкіндік беріп отыр.

Еске салайық, бұған дейін биылғы суару маусымына бес оңтүстік өңірге су пайдалану лимиті бекітілгені хабарланған болатын.