Жыл басынан бері жол апатынан 137 бала қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері елімізде балалардың қатысуымен 5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 137 бала қаза тауып, 6 мыңға жуық бала жарақат алды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина мәлімдеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ол жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына тоқталды.
— Өкінішке қарай, жыл басынан бері балалардың қатысуымен 5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 137 бала қаза тауып, 6 мыңға жуық бала жарақат алды, — деді Құралай Карина.
Оның айтуынша, оқу жылы басталған кезде көшеде балалар көбейіп, мектеп маңындағы көлік қозғалысы артады.
Осыған байланысты 15-30 тамыз аралығында республика бойынша «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты — құқық бұзушылықтар мен түрлі оқиғалардың алдын алу, балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Құралай Карина жүргізушілерді мектептер, жаяу жүргіншілер өткелдері мен балалар көп жиналатын орындардың маңында барынша сақ болуға шақырды.
— Бала жолдағы жағдайды дұрыс бағаламауы мүмкін. Сондықтан жүргізуші қауіпті алдын ала болжап, жол-көлік оқиғасына жол бермеу үшін барлық шараны қабылдауы керек, — деді ол.
Айта кетейік, Астанада жол ережесін бұзған 19 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылды.