Жыл сайын туа біткен аурулары бар 1,5 мың нәрестеге күрделі ота жасалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар үшін қымбат медициналық көмек қолжетімді бола түсті, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Мемлекет азаматтарды қымбат әрі жоғары технологиялы медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қазақстандықтар табыс деңгейіне қарамастан заманауи диагностика, емдеу әдістері және күрделі хирургиялық операцияларға қол жеткізіп жатыр
— Ауыр туа біткен аурулары мен патологиялары бар балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын туа біткен аурулары бар шамамен 1,5 мың нәрестеге операция жасалады, олардың шамамен 40%-ы аз инвазивті эндовидеохирургиялық технологиялармен жасалады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар балалар кардиохирургиясы да дамып келеді. Жыл сайын елімізде жүрек-қантамыр жүйесінің туа біткен ақаулары бар балаларға шамамен 2 мың ашық операция жасалады.
Заманауи медициналық технологияларды енгізу нәрестелердің операциядан кейінгі өміршеңдігін 88%-дан 93%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, 19 инновациялық медициналық технологияның енгізілуі балаларды шетелде емдеуге жіберу санын екі есе қысқартып, жоғары технологиялы көмекті ел ішінде қолжетімді етті.
Қымбат ем мен дәрі-дәрмекпен қамту да кеңейіп келеді. 2018 жылы тегін дәрі-дәрмекпен 1,9 миллион адам қамтылса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 миллионға жетті. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы осы кезеңде 87,2 миллиард теңгеден 337,4 миллиард теңгеге дейін үш есе өсті.
Осыдан бұрын Денсаулық сақтау министрлігі телемедициналық қызметтерді дамытуға жаңа стандарттар енгізгенін жазғанбыз.