Жыл соңына дейін оқушылар толықтай дәрігерлер тексеруінен өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мектеп оқушыларының денсаулығына қатысты түсінік берді.

- Еліміздегі балалардың 65 пайыздан астамы мектептерде оқиды. Шағын жинақталған (50 балаға дейінгі) мектептерді қоспағанда, барлық мектепте медициналық пункттер бар. Әрбір мектептегі медициналық пункттің жұмысын осы аумаққа қызмет көрсететін медициналық санитариялық-алғашқы көмек (МСАК) ұйымдары үйлестіріп отыр. Соңғы жылдары мектептердегі медициналық пункттердің жабдықталуы 15,3 %-ға (2023 ж. – 72%; 2025 ж. - 83%), мектеп мейіргерлерімен қамтамасыз ету 9,2%-ға (2023 ж. – 87%; 2025 ж. - 95%) өсті. Дүниежүзілік денсаудық сақтау ұйымының қолдауымен елімізде денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер жобасы жүзеге асырылып отыр. Кейінгі жылдары олардың саны 3,7 %-ға артты (2024 ж. - 2 533, 2025 - 2 627), - деді А. Әлназарова Үкімет отырысында.
Сонымен қатар ол жыл сайын мектеп оқушыларын профилактикалық тексеруді МСАК ұйымдарының мамандары білім беру ұйымдарында өткізетінін еске салды.
- 2025 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша жылдық жоспардағы балалардың 52 пайызы тексерілді, қалған оқушылар жыл соңына дейін тексеріледі. Тексеру қорытындылары бойынша балалардың 11 пайызында аурулар (оның ішінде кариес, темір тапшылығы анемиясы, миопия) алғаш рет анықталды. Олардың 30%-ы динамикалық бақылауға алынды. Биыл ғылыми-техникалық бағдарлама аясында үздік халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, аурулардың алдын алуға, көмек көрсетуге және оңалтуға бағытталған мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту бойынша зерттеу жүргізілуде, - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданады.