Транзиттік және экспорттық контейнерлік тасымал көлемі 1,7 млн ЖФЭ-ге жетеді — ҚТЖ
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл еліміз арқылы 27,9 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды. Бұл туралы Үкімет отырысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов айтты.
— Эксплуатациялық жүк айналымы жыл сайын тұрақты өсіп отыр. 11 айда бұл көрсеткіш шақырымына 264 млрд болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4 пайыз көп. Ірі кәсіпорындардың экспортын тасымалдау динамикасы оң — 6,5 пайыз өсім бар, яғни 80 млн тонна болды. Достық–Мойынты жолының ашылуы серпін беріп, Қытайға бағытталатын отандық экспорт 11 пайыз өсті, — деді ол.
Оның айтуынша, транзит тасымалы да жыл сайын артып отыр.
— Биыл 27,9 млн тонна болды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 12 пайыз көп. Ал вагондармен есептейтін болсақ, 84 мыңға артық. Өсім — 15 пайыз. Мұндай көрсеткішке теміржол инфрақұрылымын дамытудағы мемлекет қолдауының арқасында жетіп отырмыз. Жыл соңына дейін халықаралық теміржол дәліздері бойынша транзиттік және экспорттық контейнерлік тасымал көлемі 1,7 млн ЖФЭ (жиырма фунттық эквивалент — ред.) болады. Ал компанияның осы жылға арналған жоспарында тек контейнерлік транзит көлемін 1,5 млн ЖФЭ-ге жеткізу міндеті тұр, — деді компания басшысы.
Талғат Алдыбергенов Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
— Каспийдегі инфрақұрылым кеңейіп келеді. Сондай-ақ әзербайжандық және грузиялық әріптестермен бірлесіп, осы маршрут бойынша инфрақұрылым тексерілді және қазіргі таңда ортақ Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. 11 айда ТМТМ бағыты бойынша контейнерлік транзит 38,2 мың ДФЭ болып, өткен жылғы деңгейден 21 пайыз жоғары болды. Сондай-ақ 18-ші қараша күні Сиань қаласында Қытай темір жолдары ТМТМ құрамына қосылды. Бұл, сөзсіз, ТМТМ бойынша тасымалдар көлемінің және оның халықаралық аренадағы мәртебесін арттырады, — деді ол.
Айта кетейік, Үкімет отырысында еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі талқыланды.