Жылдамдықты 2 км/сағатқа асырсаң айыппұл: ІІМ жаңа ережеге түсініктеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде «жылдамдықты тіркеу шегі төмендеп, енді сағатына 2 шақырымға асырудың өзіне айыппұл салынады» деген мазмұндағы видео тарады, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі.
Ведомство мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
— Құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тарту тәртібі өзгерген жоқ. Бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілік белгіленген жылдамдықты сағатына 10 шақырымға және одан жоғары асырған жағдайда ғана қолданылады, — дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
8 мамырдан бастап күшіне енетін бірлескен бұйрық тек камералардың жұмыс тәртібіне қатысты, яғни олардың өлшеу дәлдігі мен рұқсат етілген қателік шегін нақтылайды. Бұл құжат жүргізушілерге ешқандай жаңа талап енгізбейді және жауапкершілікке тарту шегіне әсер етпейді.
— Осылайша «сағатына 2 шақырымға асыру үшін айыппұл салынады» деген мәлімдемелер — жалған ақпарат. Аталған ақпаратты таратқан тұлға анықталды. Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырамыз, — деді Ақтоты Боранова.
Бұған дейін Ақтөбеде жыл басынан бері жол-көлік апатынан 27 адам көз жұмғанын жазған едік.