Жылыту маусымына дайындық деңгейі 57%-ға жетті – QazaqGaz
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның газ тасымалдау жүйесі алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының 57%-ын аяқтады. Бұл туралы Үкімет отырысында «QazaqGaz» ҰК АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов мәлім етті.
Оның айтуынша, бүгінде QazaqGaz 21,8 мың шақырым магистральдық газ құбырын және 76,9 мың шақырым газ тарату желілерін пайдаланады.
— Газбен сенімді әрі үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында сәуір айынан бастап газ тасымалдау жүйесі нысандарын жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда газбен жабдықтау объектілерінің жалпы дайындық деңгейі 57%-ға жетті. Барлық жұмысты 15 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар бекітілген кестеге сәйкес жерасты газ қоймаларына газ айдау жүргізіліп жатыр, — деді Әлібек Жамауов.
Сондай-ақ ол заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, әкімдіктер бюджет қаражаты есебінен салған газ желілері енді тікелей QazaqGaz балансына берілетінін айтты.
Компания басшысының сөзінше, бұл орталықтандырылған техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп, газ тарату желілерінің пайдалану сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті.