Жылыту маусымына дайындық: Қарағанды өңірінде қанша көмір қоры бар

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Өңірде жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Жеке сектор тұрғындары үйлерін қатты отынмен қамдауға асығып жатыр, ал жергілікті билік көмір тапшылығы болмайтынын айтады.

көмір
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қазірдің өзінде облыста 580 мың тонна көмір қоры жиналған. Бұл — жалпы қажеттіліктің үштен екі бөлігіне жуық. Облыс бойынша көмір сатылымы 55 сауда нүктесінде ұйымдастырылған.

көмір
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

— Бүгінде тапшылық жоқ, сату жұмыстары жоспарлы әрі тұрақты жүріп жатыр. Шұбаркөл көмірінің орташа бағасы тоннасына 19 100 теңгені құрайды, кузнецкілік көмір — шамамен 16 500 теңге, майкүбіндік — 16 000 теңге. Қарағанды қаласында шұбаркөл көмірі арзанырақ — тоннасы 15 500–15 800 теңге аралығында. Бағаға негізінен логистика әсер етеді, — деп түсіндірді Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ақдидар Рымбек.

көмір
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Кәсіпкерлер де жағдайдың тұрақты екенін растайды.

— Биыл дүрлігу байқалмайды, тұрғындардың көбі көмірді алдын ала алып қойған. Біздің қойма жыл бойы жұмыс істейді. Коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы шұбаркөл көмірін сатамыз. Оның басты артықшылығы — күлдің аз шығуы және жылу беру қабілетінің жоғары болуы. Қазіргі қор шамамен 5 мың тонна, күн сайын тағы 500 тоннаға жуық көмір түсіп отырады. Бағасы тұрақты — тоннасы 15 800 теңге. Теміржол тарифтерінің өсуіне байланысты құны аздап қымбаттады, — деді «ПСВ86» ЖШС директоры Никита Аносов. 

Оның айтуынша, қойма тәулігіне 100–150 жүк көлігін тиеп, жөнелте алады.

көмір
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

«Рапид» компаниясында өндірілетін көмірдің де өзіндік ерекшелігі бар. Ол жер астынан өндірілетіндіктен, өзіндік құны жоғары, бірақ сапасына сай сұраныс сақталып отыр.

— Біздің компания 2001 жылдан бері Қазақстан Үкіметімен келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Бұрын жабылған шахталар орнында жаңа технологияларды пайдалана отырып көмір өндіреміз. Шығын көп болғандықтан баға жоғары, алайда сапасы үшін тұтынушылар тұрақты түрде алады, — деп түсіндірді «Рапид» фирмасының директоры Андрей Белов.

көмір
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Мамандар көмірді ұзақ мерзімге сақтау үшін арнайы қойма — көмірқора жабдықтауды ұсынады. Мұндай орындар отынды жел мен ылғалдан қорғайды және жыл бойына оның сапасын сақтап тұрады.

Осыған дейін биыл елордада 17 қойма (тупик) жұмыс істеп тұрғаны хабарланған еді. Онда халық үшін көмірді сату 14 нүктеде жүргізілетіні туралы хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар