Жылыту маусымына дайындық: СҚО-да көмір қоры 66 пайызға дайын

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көмірге қатысты дүрмек туындамауы үшін тұрғындарға көмір қорын алдын ала жасақтау ұсынылды. 

көмір
Фото: Gov.kz

СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта барлығы 407,5 мың тонна көмір дайындалды, бұл қажеттіліктің 66%-ын құрайды.

Өңір жалпы жылыту маусымында 620 мың тонна көмір пайдаланады. Соның ішінде: тұрғындар – 246 мың тоннатүсіріп алған. Бұл жоспардың – 60%-ы. Бюджеттік мекемелерге 142 мың тонна жеткізілді, олар жылыту маусымына әзір. Орталық қазандықтарға 19,5 мың тонна әкелінген. 

Ескере кететін жайт, бұл қазандықтарға арналған көмір жылыту маусымы барысында кезең-кезеңімен жеткізіледі.

– Қазір теміржол тұйықтарында 60 мың тонна көмір қоры бар. Оның 2,3 мың тоннасы Петропавлда жатыр. 1600 тонна Шұбаркөл, 500 тонна Қаражыра, 200 тонна Майкөбе көмірі бар.Көмір бағасы маркасына және жеткізу пунктіне қарай әртүрлі: Екібастұз көмірі – 13 500 бен 15 000теңге аралығында, Шұбаркөл көмірін 19 500 – 25 000 теңгеге дейін алуға болады. Қаражыра 18 000 мен 24 000 теңге аралығында тұрады. Майкөбе көмірі 16 500 теңгеден бастап, 19 000 теңгеге дейін сатылып жатыр, - дейді Данияр Қуанышбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, осы айда облысқа 766 вагон – 52 525 тонна көмір жеткізіледі. Қазір жолда 132 вагон келе жатыр. 

– Көмірді алдын ала сатып алыңыздар, себебі күз-қыс мезгілінде сұраныстың күрт артуынан дефицитке әкелуі мүмкін. Жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда, - деді басқарма басшысы. 

Бұған дейін еліміз көмір өндіруден он ірі елдің қатарына кіретінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар