«Ақсақ құлан» аңызы мен тарихи шындық арасында байланыс бар ма
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жошы ханның қалай қайтыс болғаны, «Ақсақ құлан» күйі және оның өлімі туралы аңыздың байланысы жөнінде Kazinform тілшісіне тарих ғылымдарының кандидаты, Жошы ұлысын зерттеу ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Артем Порсин айтып берді.
Жошының дүниеге келу құпиясы
Жошы — Шыңғыс ханның үлкен ұлы әрі Жошы ұлысының негізін қалаушы. Тарихшының айтуынша, Жошы ортағасырлық тарихтағы ең жұмбақ тұлғалардың бірі болып қала береді. Оның төңірегіндегі ғылыми пікірталас ғасырлар бойы жалғасып келеді. Ал тарихи дереккөздердегі қайшылықтар Шыңғыс хан ұрпақтарының билікке таласы салдарынан одан сайын өрши түскен.
— Бұл бағытта басы ашылмаған сұрақ өте көп және талас әлі толастаған емес. Сұрақ негізінен оның дүниеге келуі, Моңғол империясындағы мәртебесі, өлімінің себебі мен уақыты турасында өрбиді. Пікір қайшылығы Шыңғыс хан ұрпақтары билік пен ықпал үшін қырқысып, Моңғол империясы құлаған алмағайып заманда туған еді. Саяси текетірес тарихи еңбек бетінде көрініс тауып отырды, — деді Артем Порсин.
Тарихшының айтуынша, Шыңғыс хан ұрпақтарының қос тармағын да жақтаушылар тарихи оқиғаларды көбіне өз билеушілеріне тиімді тұрғыдан көрсеткен. Жошының дүниеге келуі бойынша даулы сұрақ негізінен «Моңғолдардың құпия шежіресіне» байланысты туындаған. Онда Жошының анасы, яғни Шыңғыс ханның әйелі Бөрте меркіттердің тұтқынында болған кезде зорлық-зомбылық салдарынан туылуы мүмкін екені жазылған. Алайда қазіргі заманғы тарихшылардың басым бөлігі мұны саяси астары бар тұспал деп есептейді. Олардың сөзінше, Шыңғыс хан Жошыны әрдайым өзінің үлкен ұлы ретінде мойындаған.
— Бұл нұсқа Жошы ұрпақтарының қарсыластарының билікке құқығын жоққа шығару және бүкіл империялық құрылтайларда шешім қабылдауына күмән келтіру мақсатында әдейі ойлап табылған. Сондықтан мұның дәл осы уақытта еш мәні жоқ, — деді тарихшы.
Шежіре қайшылығы: Жошы неден қайтыс болды?
Жошының 1225 жылғы өлімі де күмәнді күйінде қалып отыр. Артем Порсин Жошының өлімі туралы мәлімет алуға болатын ерте кезеңдегі дереккөздерді екі топқа бөледі. Олар — моңғол ұлыстарының өз ішінде жазылған империялық және сыртқы дереккөздер.
— Империялық тарихшылар бір жағынан өте көп ақпаратқа қанық, екінші жағынан Шыңғыс хан ұрпақтарының билігі мен бақылауында болғандықтан мәлімет көбіне бұрмаланып жеткен немесе айтылмаған. Моңғол қағанаты тұсындағы тарихи еңбектерден цензура болғанын байқаймыз. Билеуші әулетке көлеңке түсіретін жағдайларды жазу барысында оны түзетіп отырған немесе елеусіз қалдырған, — деді тарихшы.
XIII ғасырдың елуінші жылдары моңғол билігі тұсында жазған ең ежелгі империялық тарихшы Джувейни Жошының Дешті-Қыпшақта қайтыс болғанын ғана тілге тие етеді. XIV ғасырдың басында жазған Рашид ад-Дин бір жазбасында Жошының ауру салдарынан қайтыс болғанын жазса, енді бірде оның әкесі және бауырларымен өзара қақтығыс кезінде көз жұмғанын тұспалдайды. Рашид ад-Диннің сөзінше, Шыңғыс хан оны бір емес, бірнеше мәрте Құрылтайға шақырған. Алайда Жошы науқас болуы, алыс жолға шыдамайтыны себепті бас тартқан. Осы уақытта Моңғолияға маңғыт тайпасының әлдебір өкілі келіп, Жошыны аңшылық жорық кезінде көргенін айтқан. Шыңғыс хан Жошыны күйрету үшін ұлдары Шағатай мен Үгедейге әскерді жинауды бұйырады. Дегенмен, моңғол әскері батысқа аттанып кеткен соң Жошының кенеттен қайтыс болғаны туралы хабарды естиді. Сол кезде Шыңғыс хан өзіне өтірік ақпарат жеткенін түсінеді. Маңғыт тайпасының әлгі өкілін табуға тырысқанмен одан нәтиже шықпаған.
— Рашид ад-Дин бір жағынан соғыс өрті тұтануға шақ қалған үлкен текетіресті жазса, екінші жағынан «Жошы ауырып қайтыс болды» дейді, — деп атап өтті Артем Порсин.
Тарихшының мәлімдеуінше, моңғол билігінің цензурасынан азат дереккөздер жағдайдың бұдан да күрделі екенін алға тартады. Үндістанда XIII ғасырдың елуінші жылдары жазған парсы тарихшысы Джузджани өз еңбегінде моңғолдарға баса мән берген. Ол Жошы өз әкесінің бұйрығымен өлтірілгенін ашып жазады. Айтуынша, Жошы Дешті-Қыпшаққа Шағатаймен бірге барған, оған ұлыс қатты ұнаған. Бірақ Шыңғыс ханның өзі бағындырған аймақтар мен тайпаларды жаппай қырып-жоюға бағытталған әрекетіне қатты наразы болып, көтеріліс жасауға бел байлайды. Інісі Шағатай мұны әкесіне жеткізіп, Шыңғыс хан Жошыны өлтіруге адам жібереді.
— Бұл жерде мәселе Джузджанидің моңғолдың дұшпаны болғанында. Тарихшы оларды жек көрген және моңғол шапқыншылығынан бас сауғалап Үндістанға қашқан. Сондықтан оның бүкіл жазғаны күмән тудырады, — деді тарихшы Порсин.
Египет тарихшысы әл-Омари кештеу, XIV ғасырда жазған. Ол да Жошы кісі қолынан қаза тапқанын келтірген. Әл-Омари Хорезмдегі билеуші таппен жақын қарым-қатынаста болған, сондықтан Алтын Ордадағы жағдайды жақсы білуі заңды.
— Егер Жошыға жақын дереккөздерге сүйенсек, жағдай екіұшты болып көрінеді. Біз билеуші таптар арасында қақтығыс болғанын сеніммен айта аламыз. Әңгіме Жошының Шыңғыс ханмен емес, інісі Шағатай екеуінің арасындағы қақтығысқа кеп тіреледі. Көптеген дереккөз осыны көрсетеді. Жошының өлімі қолдан ұйымдастырылған болуы әбден мүмкін. Егер расымен солай болса, онда оған Шағатайдың қатысы бар, — дейді тарихшы.
Порсиннің сөзінше, бұл туралы Рашид ад-Дин ішінара жазған. Ол Шыңғыс хан қайтыс боларынан шамалы уақыт бұрын Шағатайға көңілі толмағанын келтіреді. Оның үстіне Шағатай Шыңғыс ханның үшінші ұлы Үгедейді мұрагері ретінде жариялаған әулет жиналысына қатыспаған көзі тірі жалғыз ұлы еді. Тарихшы Шыңғыс хан Шағатай бүлік шығаруы мүмкін деп қауіптенген болуы мүмкін деп есептейді.
Ақсақ құлан туралы күй
Жошының өлімі көшпенділердің жадында атақты «Ақсақ құлан» күйі (музыкалық-поэтикалық шығарма) арқылы сақтаулы. Шығарма желісіне сәйкес Шыңғыс хан сүйікті ұлының өлімін естірткен кез келген адамды өлім жазасына кесетінін жариялайды. Бұл туралы қағанат әміршісіне қалай айту керегін ешкім білмейді. Бұл міндетті найман тайпасының нояны Кетбұға атқарған. Ол қайғылы хабарды домбыраның шанағынан күй төгілтіп жеткізеді. Тарихшының сөзіне сүйенсек, оқиға желісі Алтын орда кезеңінен бастау алады. Мұндай сюжет қазақ фольклорында ғана емес, қырғыз бен ноғайдың эпикалық дәстүрінде де кездеседі. Демек, күй Жошы ұлысы тарап, халықтар бөлініп шыққанға дейін пайда болғаны қисынға келеді.
— Бұл — қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар өте қызық әрі керемет аңыз. Шыққан уақыты мен шындыққа сәйкес келетін-келмейтіні белгісіз болғандықтан тарихшылар мұндай аңыздарға сақтықпен қарайды. Кетбұға жыраудың кім болғаны да — даулы мәселе, — деді Артем Порсин.
Тарихшы бұл хикаяның Алтын Орда дәуірінде хатқа түскенін, кейін қазақ, қырғыз және ноғай фольклорында бірнеше нұсқада сақталып, бізге жеткенін алға тартады. Оның ішінде ХХ ғасырдың ортасында жазып алынған ноғай нұсқасында жағдай егжей-тегжей баяндалған. Мәтіні ХV ғасырдың басында Мырза Ұлықбектің кітабында жазылған сюжетпен дөп келеді.
— Әмір Темірдің ұрпағы Мырза Ұлықбек саясаткер ғана емес, аты әлемге жайылған ірі ғалым да еді. Ол «Төрт ұлыстың тарихын» құрастырған, Жошы ұлысының тарихын жетік білген. Оның үстіне Алтын Орда хандарының бірінің қызына үйленген. Ол өз еңбегінде Жошының өлімі туралы суыт хабарды белгілі бір ноян Шыңғыс ханға ән түрінде жеткізгенін жазған. Жыр мәтіні сөзбе-сөз ноғай нұсқасына өте жақын. Сондықтан бұл жырдың әу баста жазбаша түрде болғанын, Жошы ұрпақтары арасында айтылғанын жорамалдай аламыз. Жошы Ұлысы құлағаннан кейін жырдағы оқиға ауызекі әдебиеттің бір бөлігіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа тарап, әртүрлі нұсқада сақталған, — деді ол.
Кетбұға кім болған?
Кетбұғаның тарихи тұлғасына қатысты зерттеушілер арасында көпке дейін талас жүрді. Наймандардың шежіресінде осындай есімдер жиі ұшырасады. Шежіре реттілігіне қарасақ, ол расымен XIII–XIV ғасырда өмір сүрген. Жазбаша деректе Кетбұға нояндардың көрнекті өкілі және сол кезеңдегі ірі саяси тұлға ретінде белгілі. Тегі найман, моңғол ханы Құлағудың қоластында қызмет еткен.
Жошы ұрпақтары мен құлағулықтардың өзара қырғи-қабақ қарым-қатынасы тарихтан жақсы мәлім. Сол себепті зерттеушілер арасында «Құлағуға қызмет еткен Кетбұғаның бұл күйге қандай қатысы бар?» деген сұрақ болған. Өйткені шығарма желісі бойынша Шыңғыс ханға оның өлімін естірткен адам Жошының төңірегінен шыққан болуы қажет. Қаралы хабарды Шыңғыс ханға кім жеткізетінін Жошының жақтастары шешкен. Сондықтан атақты күйде сөз болатын Кетбұға Жошы ордасының нояны болуы тиіс.
— Кетбұғаның ХІІІ ғасырдың елуінші жылдарында Иранда бой көрсетуіне және іс-әрекетіне талдау жасасақ, оның әу баста Жошы ұлысына бағынғанын, Бату хан қайтыс болғаннан кейін ғана Құлағудың (Төле ұрпағының) қарамағына өтуге мәжбүр болғанын шамалаймыз. Бұл есім, оның шығу тегі мен нақты бір ұлысқа бағыныштылығы туралы дерек сәйкес келуі мүмкін. Бүгінде «Ақсақ құлан» күйінің кейіпкері Кетбұға мен Иран, Иракты бағындырған, 1260 жылы Айн-Джалут шайқасында қаза тапқан Кетұға екеуі бір адам екенін толық сеніммен айта аламын, — деді Артем Порсин.
Ұлытаудағы мавзолей кімге тиесілі?
Ұлытаудың көркі көз тартарлық тау бөктерінде орналасқан Жошы мавзолейі — Қазақстандағы киелі мекендердің бірі. Бірақ ұлы қағанның тұңғыш ұлы осы топырақта мәңгілік дамыл тапқаны рас па?
Тарихшының айтуынша, бұл аймақта археологиялық зерттеу жұмысы жалғасып келеді. Ең көне ағаш конструкцияларға жүргізілген радиокөміртекті талдау нәтижесіне сай бұл XIII ғасырдың 1260 жылдарымен мерзімделеді. Кесене XIV ғасырда тұрғызылған.
— Менің ойымша, ол жерде Жошы ұлысы шонжарларының зираттары орналасқан. Алайда XX ғасырда қазба жұмысы кезінде табылған адам сүйектері алғашқыда сол жерде жерленген сүйектер екені және мұның Жошының бейіті екені анық емес. Бұл сұрақ әзірге басы ашық күйінде қалып отыр. Жошы ұлысының алғашқы құрылымы туралы жазбаша деректерге қарағанда оның иелігінің орталығы Ертіс бойында болған. Сондықтан оның бейітін еліміздің шығыс жағынан іздеген әлдеқайда қисынды, — деді Артем Порсин.
Оның үстіне Ұлытау — киелі өлке, халыққа Жошы ұрпақтары жерленген орын ретінде таныс.
— Ұлытау Жошы ұрпақтарының сол қанаттарының бірі болған. Бұл аймақ Бату әулетінің тікелей иелігінде болғанға ұқсайды. Сондықтан онда Жошы ұрпақтарының мазары болуы әбден ықтимал. Алайда, бұл жәйтті әлі де тереңірек зерттеген жөн, — деді тарихшы.
Артем Порсин бұған дейін «Жошы мен Шыңғыс хан арасында расымен текетірес болған ба, атақты билеушінің тұңғышы саяси күрестің құрбаны болуы мүмкін де?» деген сұрақтарға жауап берген болатын.