Жылу ақысы қымбат шықты: Астана–Теплотранзит тұрғындар шағымына түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда тұрғындары әлеуметтік желіде өткен айдағы жылудың ақысы әдеттегіден жоғары шыққанын жарыса жазып жатыр. Осыған байланысты Kazinform тілшісі «Астана–Теплотранзит» АҚ-дан мән-жайды анықтап көрді.

жылу, жарық, су
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Тұрғындардың шағымында желтоқсан айында қатты аяз болмаса да жылу ақысы жоғары келгені айтылған.

скриншот
Фото: әлеуметтік желіден

Енді бірі тек өзінде емес, бүкіл тұрғын үйдегі пәтерлерге жылу ақысы қымбат шыққанын жазған.

скриншот
Фото: әлеуметтік желіден

«Астана–Теплотранзит» АҚ түсіндіруінше, өткен айда тарифте өзгеріс болмаған.

— Жылу энергиясы үшін төлемақы тұрғын үйдің ортақ есептегіш құрылғысының көрсеткіштеріне байланысты белгіленеді. Сыртқы ауа температурасы жылу энергиясының шығынына әсер етеді. Күн суытқан сайын, үйді жылытуға көбірек энергия жұмсалады. Соған сай жылдың суық айларында төлемақы да өсе түседі. Өткен айда жылу тарифінде өзгеріс болған жоқ, - делінген жауапта.

Сондай-ақ компания қараша айымен салыстырғанда желтоқсанда тәуліктің орташа температурасы төменірек болғанын атап өткен.

- 2024 жылғы қараша айында орташа ауа температурасы -3,45 ℃, желтоқсан айында -8,78 ℃ болды. Сондай-ақ қараша айында 30, желтоқсан айында 31 жылу есептеу тәулігі барын да ескеру керек, - делінген мәлімдемеде.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС ақпарат орталығы желтоқсан айына арналған түбіртектерде қарашаға қарағанда гигакалория мөлшері жоғары болғанын, бірақ тарифте өзгеріс болмағанын айтады.

Айта кетейік, бұған дейін «Астана—Теплотранзит» АҚ елордада жылу тарифін көтеруді ұсынғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар