Жылу беру маусымына дайындық: Қазақстан бойынша 19 млн тонна көмір тасымалданды
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа жылу беру маусымына дайындық жұмыстары басталғаннан бері (2026 жылдың 1 мамырынан 17 тамызға дейін) республика бойынша теміржол көлігімен 19 млн тонна көмір тасымалданды.
ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей деңгейде. Оның ішінде 17,8 млн тонна еліміздің жылу электр орталықтарын (ЖЭО) қамтамасыз етуге, тағы 1,2 млн тонна коммуналдық-тұрмыстық секторға жөнелтілді.
Қазіргі уақытта өңірлерде қатты отынның қажетті қоры қалыптастырылды. Коммуналдық-тұрмыстық секторда 300 мың тоннадан астам көмір, ал еліміздің ЖЭО-ларында 4,1 млн тонна көмір жинақталды.
Алдағы жылу беру маусымында көмірді тұрақты әрі уақтылы тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар кешені іске асырылуда. Негізгі назар жылу энергетикасы объектілері мен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен үздіксіз қамтамасыз етуге, тасымалдау процесін тұрақты ұйымдастыруға, сондай-ақ жүктеме жоғары кезеңде теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамды тиімді пайдалануға аударылуда.
Жыл сайын күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында көмір тасымалдау жөніндегі Жедел штаб жұмыс істейді. Штаб тәулік бойы көмір разрездерінен көмір тиеуді бақылауды жүзеге асырып, бос жылжымалы құрамды беруді үйлестіреді және теміржол желісі бойынша жүк ағындарын жедел жоспарлауды қамтамасыз етеді.
Жүк жөнелтушілермен бірлесіп маршруттық және тораптық жөнелтілімдерді қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасады. Бұл көмірді жеткізу мерзімін қысқартуға және жылжымалы құрамды пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қажетті тасымалдау көлемдерін қамтамасыз ету үшін «Қазтеміртранс» АҚ 29 мың жартылай вагонға ие. Қолда бар вагон паркі жылу электр орталықтарына, коммуналдық-тұрмыстық секторға және өнеркәсіптік тұтынушыларға қатты отынды тасымалдау қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда көмір бағасы 2022 жылдан бері қалай өзгергені туралы мына материалдан оқуға болады.