Жобадан кейін танымалдығым артты - өзбекстандық әнші Silk Way Star жайлы

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Азиядағы алғашқы ірі вокалдық мегажоба – Silk Way Star-дың жартылай финалы аяқталды. Жеті үздіктің қатарында Өзбекстаннан келген әнші Мадинабону Адылова бар. Ол Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында жоба жайлы әсерімен бөлісті.

әнші Мадинабону Адылова
Фото: Kazinform

Мадинабонудың айтуынша, жартылай финалға дейінгі жол өте ауыр болған.

– Жоба интрига, жауапкершілік пен толқуға толы. Әр кезеңнен сүрінбей өтуіңнің өзі тәжірибе. Соңғы эпизод алдындағы шығарылым ең күрделі кезең болды дер едім. Біз қазақстандық әншілермен бірге шырқадық. Назарбектің 2 жыл бұрын фанаты болған едім, әндерін тыңдап жүрдім. Бұл кезеңде бірге ән айту бұйырды. Оның стилі ұнайды, себебі бұл өзгеше стиль Өзбекстанда енді дамып жатыр, – деді әнші.

Өнерпаз жартылай финал алдында «Ne boldi» әнін таңдауының себебін түсіндірді.

– Әнді редакторлармен бірге таңдадық. Өйткені көбіне лирикалық, мұңды әндерге жақынмын. Жаңашылдық енгізейік деп шештік. Оның үстіне бұл ән ТМД елдерінде танымал. Аудиторияны жандыруға да сеп болды, – дейді Мадинабону Адылова.

Әнші жобада бәсекелестіктің жоғары деңгейде екенін айтады.

– Жобада бәріміз бір-бірімізге тілеулеспіз. Алайда армениялық Саро Геворгянды бәсекелесім дер едім. Ол өте талантты, – деді ол.

Silk Way Star-дың әсерлі тұстары да өнерпаз есінде ерекше қалған.

– Бұған дейін 6-кезеңде соңғы 2 жылда танымал болған әндерді айттық. Мен Леди Гаганың шығармашылығын таңдадым. Эмоциямды жеңе алмай, жыладым. Себебі бұл әнді марқұм атаммен байланыстырып, ән айтып жатқанымда көңілім түсіп кетті. Жалпы, жобада 11 елден келген достарды, әріптестерді таптық. Халықаралық конкурста тәжірибе алып жатырмыз. Жобаның арқасында менің Қазақстанда, Өзбекстанда танымалдығым артты. Желіде оқырмандарым көбейді, – деді әнші.

Айта кетейік, Silk Way Star жобасының финалдық эпизоды 22 қарашада сағат 20:00-де Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі. 

Соңғы жаңалықтар