Жоғарғы Сот Елбасы берген тапсырмаларды іске асыруға кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми кезекті жалпы отырысты өткізді.

Жоғарғы Сот Елбасы  берген тапсырмаларды іске асыруға кірісті

Оның жұмысына Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас Прокуратураның, Әділет, Қаржы, Энергетика министрліктері мен Ұлттық банктің өкілдері қатысты, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметінен.

Жалпы отырыстың жұмысын аша келе, Қайрат Мәми отырысқа қатысушылардың назарын республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы айқындаған құқықтық айқындылық деңгейін арттыру, тұрақты әрі болжамды сот практикасын қалыптастыру міндеттерін іске асыру қажеттігіне аударды. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары дәл осы міндетті шешуге бағытталып отыр. Оны әзірлеу барысында, ең алдымен, қолданыстағы сот практикасы талданады және соттардың құқық нормаларын біркелкі қолдану бойынша тәсілдері пысықталады. Бұл Жоғарғы Сотқа жергілікті соттардың сот істерін қарау тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы отырыстың күн тәртібіне Жоғарғы Соттың бес нормативтік қаулысын талқылау шығарылды.

«Банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша азаматтық істерді қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулы қазақстандықтар үшін көптен күткен өзекті нормативтік қаулы болып табылады. Жоғарғы Сот судьясы Дүйсен Тұмабеков қаулы жобасы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ұсыныстары негізінде әзірленгенін атап өтті. Жобада Жоғарғы Соттың қадағалау сатысының анықтамалары мен сот құжаттары, осы санаттағы азаматтық істер, еліміздегі ипотекалық несиелендірудің қалыптасу және даму мәселелері, осы құқықтық қатынасты реттейтін заңнамалық база талданған.

Ипотекалық несиелендіру саласындағы ахуалдың ушығуына, кредитор мен қарыз алушы арасындағы қатынастың күрделенуіне, сотқа жүгінушілер санының артуына дағдарыс пен жылжымайтын мүлік бағасының әдейі түсуі ықпал етті. Қаржылық сектордағы мәселелерді шешу үшін мемлекет ауқымды жұмыстарды жүргізуге, соның ішінде заңнаманы жетілдіруге мәжбүр болды. Ел Президентінің «соңғы сатыдағы кредитор» ретінде «банктерді құтқару, халықтың салымдарын, шағын және орта бизнесті қолдау, үлескерлерді қорғау» мақсатында дағдарыстың барлық шығындарын мемлекет тарапынан өтеу туралы тапсырмасына сәйкес еліміздің жоғары сот органы түсіндірме әзірледі.

Талқылануға ұсынылған нормативтік қаулының жобасы құқық қолданудағы мынадай қиындықтарды реттеуге бағытталған: қарызды өндіріп алу туралы талап (негізгі борыш, сыйақы, тұрақсыздық айыбы және сол сияқтылар) банктің қарыз шартының талаптары мен заңға қаншалықты сәйкес келетінін, шартқа қол қоймай тұрып және қарыз бермес бұрын Банк қарыз алушының несиені төлеу қабілетін жан-жақты, толық әрі сапалы түрде бағалағандығын анықтау. Әңгіме қарыз алушының тұрақты немесе жеткілікті кірісі мен қарызды өтеуі үшін өзге де табыс көздері, салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер бойынша қарызы, үшінші тұлғаның алдындағы қарызы бар немесе жоқтығын анықтау туралы болып отыр. «Қоғамда шартты орындаудан біржақты бас тарту нәтижесінде қарыз шартын бұзу жағдайында ол бойынша міндеттемелер тоқталатындығы туралы жалған пікір қалыптасып отыр. Азаматтың қайтыс болуына байланысты міндеттемелерді тоқтату мәселелерін реттейтін заң нормаларын қолдануда қиындықтар туындауда», - деді Д.Тұмабеков.

«Соттардың азаматтық істер бойынша Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, Жоғарғы Сот судьясы Бейбіт Шермұхаметов республикадағы табиғи ресурстар жалпы не арнайы табиғат пайдалануында болуы мүмкін екендігін атап өтті. Табиғат пайдалану құқығы объектісі деп табиғи ресурстардың жекелей белгілі-бір бөліктері (жер телімі, су объектісі, орман қорының телімі және т.б.) оқшауланған табиғи ресурстар деп (жергілікті жерде оның шекараларын белгілеу арқылы, «заттай») деп түсініледі. Табиғатты жалпы пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының халқы қоршаған орта объектілерін өмірге керекті қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін, экологиялық заңнамада көзделген шектеулерді қоспағанда, табиғи ресурстарды оқшауланған пайдалануға берместен тұрақты және өтеусіз негізде пайдалануды жүзеге асыруға құқылы. Нормативтік қаулының жобасында қоршаған ортаға, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүлкіне экологиялық құқық бұзушылар тарапынан келтірілген зиянды өтеу мәселелеріне мән берілген. Жобада келтірілген зиянды экономикалық бағалаудың тікелей және жанама әдістерін қолдану мәселелері, Сот төрелігіне қол жеткізу туралы Орхус конвециясының қағидаттары талқыланған. Қалдықтарды өндіру мен тұтыну бойынша меншік иелерінің жауапкершіліктері туралы түсініктемелер берілген.

Жоғарғы Сот судьясы Ұлбосын Сүлейменова «Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы нормативтік қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қажеттілігін түсіндірді. Нормативтік қаулының жобасы процестік заңнама нормаларын жетілдіруге бағытталған және дер кезінде әзірленген. Себебі, жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодекстің қабылдануына байланысты «Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы» қолданыстағы нормативтік қаулыға өзгерістерді дереу енгізу қажеттігі туындап отыр.

«Соттардың қылмыстық істер бойынша жеке қаулылар шығару тәжірибесі туралы» 2003 жылғы 19 желтоқсандағы №11 Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін Жоғарғы Сот судьясы Лаура Ағыбаева жаңа қылмыстық-процестік кодекстің жаңашылдықтарымен, тергеу судьялары институтының енгізілуімен, үш сатылы сот жүйесіне көшумен байланысты деп түсіндірді. Нормативтік қаулының жобасында соттың тәрбиелік және алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қолдаудағы құқық бұзушылықтардың жасалуына әсер ететін себептер мен жағдайларды соттардың анықтауы мен жою қызметіндегі жеке қаулыларды маңызды рөлі атап көрсетілген. Жеке қаулы шағаруға заң шығарушы тарапынан көзделген негіздерді шартты түрде былайша бөлуге болады: қылмыстың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайлар, іс жүргізу кезінде жіберілген заңбұзушылықтар, жекелеген азаматтардың дұрыс емес жүріс-тұрысы, қылмыстың жолын кесуге немесе ашуға көмектескен азаматтарды ынталандыру.

«Жеке қаулыларда тиісті лауазымды тұлғалардың назары іс бойынша анықталған нақты заң бұзушылықтарға аударылумен қатар, мұндай заң бұзушылықтар алдағы уақытта қайталанбас үшін тиісті шаралар қабылдау туралы талап қойылады», - деді Л.Ағыбаева.

 Осылайша, сот заң бұзушылықтың алдын алады. Сот практикасын дұрыс, заңнаманы біркелкі қолдануға және алдын алу жұмыстарын күшейтуге, сотқа дейінгі сатыдағы кемшіліктерге жол бермеуге бағыттайды, прокурордың назарын кемшіліктерді уақтылы анықтауға және тергеу мен анықтаудың заңдылығына қадағалау жүргізу барысында оларды жоюға аудартады.

Әкімшілік құқықбұзушылық заңнамасын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін Жоғарғы Сот судьясы Талғат Баратбеков оларды қолданыстағы заңнамаға сәкестендіру қажеттігімен түсіндірді. Атап айтқанда, бұл «Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметті лицензиясыз жүзеге асыру кезінде тапқан табысты алу жөніндегі заңнаманы соттардың қолдануы туралы» 2004 жылғы 18 маусымдағы № 4 нормативтік қаулыға енгізілетін өзгеріс «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заң мен «Әкімшілік құқыбұзушылықтар туралы» жаңа кодекстің қабылдануына байланысты, сондай-ақ «Өндірісті қамтамасыз ету шараларын қолдану және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнаманы қолданудың кейбір өзге де мәселелері туралы» 2012 жылдың 9 сәуіріндегі №1, 2014 жылғы 24 желтоқсандаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген нормативтік қаулыға түзетулер енгізуді талап етеді.

Жалпы отырысқа қатысушылар нормативтік қаулылардың жобаларын талқылады, оларға ұсыныстар мен ескертпелер енгізді. Аталған қаулылар редакциялық түзетулер енгізгеннен кейін жалпы отырыста бекітілетін болады.