Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми облыстық соттың жаңа ғимаратын ашты - ШҚО

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның сенімді кепілі ретінде заң үстемдігін, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық мемлекет құруды негізгі мақсат етіп қойды. Осы бағытқа сәйкес Жоғарғы Сот қазақстандық сот төрелігінің моделін одан әрі жетілдіруді, барынша кемелденген тәуелсіз сот жүйесін құруды, азаматтардың соттарға деген сенім деңгейін арттыруды көздейді. Мемлекет басшылығы сот жүйесінің материалдық-техникалық жай-күйіне зор көңіл бөліп келеді. Біздің бүгінгі салтанатты іс-шарамыз - соның айқын дәлелі» - деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Ол судьялар қолда бар барлық әлеуетті пайдаланып, тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен гүлденуі жолында алдарына қойылған міндеттерді іске асыра алатындығына зор сенім білдірді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі биліктің сот тармағының айрықша маңыздылығына тоқтала отырып, салтанатты шараға қатысушыларды алдағы Конституция күнімен құттықтады. Б.Сапарбаев облыстық судьялар корпусына бес автокөліктің кілтін тапсырды. Мемлекет басшысына деген жылы лебіздерімен бөлісе отырып, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Абай Рахметулин мен республиканың Судьялар Одағының төрағасы Серік Байбатыров жиналғандарды мерекемен құттықтады. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін меймандар жаңа ғимаратты аралып көрді. Жаңа ғимаратта 222 кабинет, соның ішінде судьялар мен сот отырыстары хатшыларына арналған 45 кабинет, сот отырыстарына арналған 14 зал орналасқан. Мұнда мәжіліс залы, жалпы отырыстарға арналған зал, конференц-зал, сондай-ақ тараптардың екі күту залы, баспасөз орталығы, музей мен психологиялық тынығу залы бар. Мәжіліс залында салтанатты жағдайда Қ.Мәми бірқатар судьяларды ведомстволық медалдармен марапаттады. Сот жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлесі және көпжылдық жемісті еңбегі үшін отсавкадағы судья Галина Михина - Жоғарғы Соттың «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталды. Көпжылдық жемісті әрі мінсіз қызметі және сот-құқықтық жүйесінің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін облыстық соттың судьясы Александр Лукьянов - Жоғарғы Соттың ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медаліне ие болды. Облыстық соттың судьясы Қыдырғали Ахметов пен Өскемен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Еділ Күдербаевқа Жоғарғы Соттың ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісі тапсырылды. Облыс әкімі мен республиканың Судьялар Одағы атынан да марапаттар табысталды. Салтанатты шара соңында ғимарат ауласында жас көшеттер отырғызылды.