Жоғарғы Тобыл су қоймасында балықтардың қырылуына судағы оттегі құрамының төмендеуі себеп

ҚазАқпарат бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, Лисаковск қаласының жанындағы Таранов ауданында орналасқан су қоймасында қырылып қалған бірнеше тонна балық су бетінде қалқып жүр. Қырылған балықтың саны мен келген материалдық шығын анықталуда.
Қостанайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Виктор Мейстер басшылық ететін арнайы комиссия су тоғанында балықтың жаппай қырылуының себебін зерттеп жатқанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Оқиғаның мән-жайын тексеру жөніндегі комиссияға эколог, ихтиолог, ветеринар мамандар, төтенше жағдайлар қызметінің, санитарлық-эпидемиологиялық стансасының, су инспекциясының өкілдері кіріп отыр.