Жоғары білімнің құны: университеттер мен еңбек нарығы қалай өзгеріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл сайын жоғары оқу орындарында білім алу ақысы қымбаттап келеді. Бұған инфляция деңгейі, ЖОО шығыны, тіпті саладағы реформалар да әсер етеді. Kazinform тілшісі студенттер төлейтін қаржының қайда кететінін, оқу ақысына ықпал ететін негізгі факторларды талдады.
Оқу ақысы неге қымбаттады?
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, биыл І тоқсанда жоғары білім беру қызметінің құны өткен жылмен салыстырғанда 10,8%-ға өскен.
Өңірлердегі қосылған құн әртүрлі. Ең жоғары өсім Атырау облысына тиесілі, мұнда оқу ақысы 36,3%-ға қымбаттаған. Тізімде Түркістан облысы (19,6%), Маңғыстау облысы (15,2%), Қостанай облысы (1,8%), Шымкент (15,4%) пен Астана қалалары (15%) бар. Білім алу тек Алматы облысында арзанға түседі, аймақта оқу ақысы өзгеріссіз қалыпты.
Демек, оқу ақысының қымбаттауы университеттерге ортақ үрдіс болғанымен, барлық өңірде біркелкі статистика жоқ. Сарапшылар мұны жоғары оқу орындарының түрлі даму бағытын таңдауымен түсіндірді. Нақтырақ айтсақ, әр ЖОО материалдық-техникалық базаны жаңартуда, оқытушылар құрамын жетілдіруде дербес қаржы саясатын қолданады: қай университетте жоба көп – шығын мол, қайсысында өзгеріс аз – қаржы үнемделеді.
Мысалы, Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, кейінгі жылдары университеттердің шығыны едәуір артқан. Олар оқытушылардың жалақысын өсіруге, зертханаларды жаңғыртуға, білім беруді цифрландыруға, ғылыми инфрақұрылымды дамытуға қыруар қаржы жұмсауда. Студенттерге жатақхана салуға да аз ақша кетпейді, оған инфляцияның қысымын қосыңыз. Түптеп келгенде, барлық шығын оқу ақысына әсер етіп отыр.
Мемлекет жоғары оқу орындары үшін бірыңғай оқу ақысын белгілемейтінін айта кеткен жөн. Дегенмен, министрлік университеттер оқу ақысын белгілер кезде білім беру грантының көлемін ескеруі керек деген ұстанымда және бағаны негізсіз көтеруге қарсы.
Осы орайда Экономист Сапарбай Жұбаев оқу ақысының өсуін экономикалық ахуалға сілтеді.
– Егер жыл сайынғы инфляция 10–12 пайыз деңгейінде болса, жоғары білім құнының шамамен сондай қарқынмен өсуі заңды. Бұл – объективті экономикалық үдеріс, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, оқу ақысының қымбаттауын тек инфляциямен түсіндіру орынсыз. Өңірлердегі оқу ақысына университеттердің ұзақ жылдық баға саясаты түрткі болған.
– Елордадағы университеттерде оқу ақысы бұрыннан жоғары. Егер оқу ақысы әлі өсіп жатса, демек талапкерлер саны артты дегенді білдіреді. Ал өңірлерде талапкерлер саны салыстырмалы түрде аз болғандықтан, оқу ақысы ұзақ жыл бойы төмен деңгейде болды. Енді аймақтағы ЖОО-лар бағаны көтеру арқылы нарықтық деңгейге ақырын жақындап келеді, – дейді Сапарбай Жұбаев.
Сарапшының айтуынша, жетекші ұлттық университеттер мен өңірлік ЖОО-лар арасындағы оқу ақысындағы алшақтық әлі сақталып тұр. Қазіргі таңда маңдайалды ұлттық университеттерде бір жылдық оқу құны 1–4 млн теңге аралығында болса, көптеген өңірлік университетте көрсеткіш 550–700 мың теңге шамасында.
Ақылы оқу арманға айналмай ма?
Білім ақысы университеттердің қаржылық мүмкіндігі, инфрақұрылым деңгейі мен талапкер сұранысына байланысты екені түсінікті. Бағаның өсуі экономикалық тұрғыдан қисынды көрінгенімен, бұл жерде тағы бір сұрақ туады: оқу ақысы халық үшін қаншалықты қолжетімді?
Оқуға жаңа түскен жастардың, әсіресе ауылдан келген талапкердің қалтасын қағатын жалғыз оқу ақысы емес. Одан бөлек пәтер жалдау, азық-түлік, жол ақысына кететін шығын жетіп артылады. Сондықтан жоғары білімнің қолжетімділігін оқу ақысымен ғана бағалау жеткіліксіз.
ЭЫДҰ-ның (OECD) зерттеуіне сүйенсек, дәл осы қосымша шығындар ауылдан шыққан жастардың жоғары білім алуына басты кедергі екен. Әлеуметтану ғылымдарының докторы Еділ Нұрымбетов кез келген адамның жоғары білім алуға мүмкіндігі болса, әлеуметтік жағдай мен табысты арттыру әлдеқайда оңай болады деп есептейді.
– Егер жоғары білім алу қолжетімсіз болса, онда сала «әлеуметтік лифт» ретіндегі қызметін жоғалтады. Мұндай жағдайда «Қазақстандағы барлық азаматтың жоғары білім алуға мүмкіндігі бірдей ме?» деген заңды сұрақ туындайды, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, өңірлерден келген студенттің нақты шығыны оқу ақысынан екі еседей артық. Сол себепті мемлекет қаржы жүктемесін білім беру гранттарының санын ұлғайту арқылы азайтуға тырысып келеді. Жыл сайын мемлекеттік грант пен квота саны көбейіп, «Серпін» және «Келешек» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Білім беру грантындағы басымдық инженерлік, медициналық, педагогикалық, аграрлық және ІТ мамандықтарға берілген.
Әйткенмен, аталған жолмен мәселені шешу жылдан-жылға қиындап келеді. Оған себеп – үміткерлер санының артуы. Мысалы, бірнеше жыл бұрын мектепті жыл сайын шамамен 200 мың түлек бітірсе, биыл олардың саны 215 мыңға жуықтады. Мемлекеттік грантқа мектеп бітірушілермен қатар колледж бітірушілері мен өткен жылғы түлектер үміт артып отыр. Жыл сайын мемлекеттік білім беру гранты көбейгенімен, бюджет есебінен оқуға ниетті жастардың қатары да артып келеді.
Ал экономист Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, жоғары білім алуға барлық мүмкіндік бар, дабыл қағуға негіз жоқ.
– Бүгінде студенттердің жартысынан көбі мемлекет есебінен білім алады. Көптеген мамандық бойынша грант үлесі 55–60%-ға дейін жетеді. Оның үстіне мемлекеттік гранттың мөлшері бөлімдегі оқу ақысының төмендеуіне әсер етіп жатыр, – деп толықтырды спикер.
Жаз айларында министрлік мемлекеттік білім беру гранттары қай мамандықтарға бөлінгенін жариялайды. Кейінгі үрдіске қарасақ, талапкерлер мемлекеттік грант бөлінген мамандықты таңдауға көшіпті.
– Экономика, құқық және гуманитарлық мамандықтарда бәсеке әлдеқайда жоғары. Кейде 120 балл жинаған талапкердің өзі грантқа іліге алмай қалады. Ал техникалық бағыттар бойынша грант көп бөлінеді, тиісінше бұл бағыттағы мамандықтарға төмен балмен оқуға түсуге мүмкіндік бар, – деп түсіндірді Сапарбай Жұбаев.
Диплом жақсы жұмыс табуға кепіл емес
Осы сауалға қатысты сарапшылар пікірі сан қилы. Кейбірі университетке салынған инвестицияның өз-өзін ақтайтынына күмәнданса, келесі тарап мемлекет қаржысына оқыған жастардың еңбек нарығындағы үлесін сынға алады. Қоғамның жоғары білімге деген көзқарасы осы сауалдың төңірегінде қалыптасып келеді.
Өйткені, бірнеше жылда оқу ақысы ғана емес, жұмыс берушілердің жоғары білімге деген талабы да өзгерді. Бұрын диплом маманның біліктілігін растайтын басты құжат саналса, қазір көп компания үміткердің нақты білімі мен дағдысына көбірек мән береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 1,8 миллионнан астам жас университетті бітірген, тағы шамамен 1,6 миллионы техникалық және кәсіптік білім алған.
Қазір жастарды ең көп жұмыспен қамтып отырған сала – сауда. Бұл салада 643 мың жас еңбек етеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, ақпарат және байланыс саласында – 102,4 мың, ал қаржы секторында 96,5 мың адам ғана жұмыс істейді.
Бұл нені білдіреді? Демек, жастар еңбек жолын оқыған мамандығына сәйкес емес салада бастайды деген белгі. Осыдан барып білім беру гранттарын бөлеу кезіндегі шикілікті, еңбек нарығындағы дипломға деген көзқарастың өзгергенін аңғарамыз.
Мұндай құбылыстың басты себебі жұмыс берушінің талабына тікелей тәуелді. Еділ Нұрымбетовтің айтуынша, әлемде «диплом экономикасынан» «дағды экономикасына» (skill-based economy) көшу үдерісі жүріп жатыр.
– Оксфорд университеті арнайы зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінен жұмыс берушілер үміткерді инженерлік, химиялық немесе техникалық біліміне ғана қарап бағаламайтынын көреміз. Көбі өзгеріске тез бейімделетін, күрделі жағдайда тез шешім қабылдайтын адамды жұмысқа алғысы келеді. Компаниялар қызметкерлерді тиімді басқару, командамен жұмыс істей білу дағдысын ескереді, – деді спикер.
Сондықтан қазір студенттер оқуы мен жұмысты қатар алып жүруге тырысады. Себебі тәжірибе дипломнан кем бағаланбайтын құндылыққа айналды. Оның үстіне жұмыс істеу бір жағынан кәсіби дағдыны қалыптастырса, екінші жағынан оқу ақысын төлеуге көмек бермек.
Жоғары білім беру жүйесіндегі басты мәселе оқу ақысы емес, олқылық университеттердің экономика сұранысына сай білікті маман даярлау қабілетінде жатыр. Қазір университеттер қос міндетті қатар еңсеруге мәжбүр: шығынға қарамастан оқу ақысын қолжетімді ету; студенттерді еңбек нарығына бейімдеу.
Осы мақсатта ауқымды бастамалар қолға алынды. ЖОО-лар кадр даярлаудың жаңа моделіне кезең-кезеңімен көшсе, мемлекет жоғары білімді қаржыландыру мен грант бөлу тетігін жаңартып келеді. Ал жұмыс берушілер түлектерді тәжірибесі мен кәсіби дағдысына қарай бағалай бастады.