Жоғары оқу орны халықаралық талаптарға сай келу тиіс - Қ.Бозымов
Оның айтуынша, аталмыш бағытта БҚАТУ-дың халықаралық байланыстары жылдан-жылға нығайып келеді. Мұндағы басты міндет - шетелдік жетекші университтермен байланыс аясын кеңіте отырып, әлемдік білім беру стандарттарын түбегейлі меңгеру. Бүгінгі таңда университет 40-қа жуық шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу мекемелерімен келісімшартқа қол қойып үлгерді. Олардың қатарында Ресей, Украина, Латвия, Германия, Қырғызстан, Израильдың іргелі білім ордалары бар.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін көтеру мақсатында көптеген жұмыс жүргізілуде. Тек биылғы оқу жылының өзінде университеттің 40 оқытушысы Ресей Федерациясы мен Латвияның жетекші жоғары оқу орындарында өз білім-біліктерін көтеріп қайтты. Арнайы лекция оқуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында келген шетелдік университеттердің өкілдері мен делегациялары БҚАТУ-ға жиі келіп тұрады. Мәселен, 2008 жылғы желтоқсан айында университет оқытушылары үшін Рига техникалық университетінің профессоры Гайда Петере және Германиядан Гумбольд университетінің /Берлин/ профессоры В.Граф бірнеше дәріс оқыды. Ал 2009 жылғы тамыз айында университет оқытушыларымен тәжірибе алмасу, дәріс оқу, семинарлар өткізу мақсатымен университетте Латвия кәсіптік оқу орындары ассоциациясының өкілдері, педагогика докторлары Дайнис Маркус пен Эвита Яспере болды. Сондай-ақ университеттің шақыруымен оқытушылар, аспиранттар мен магистранттарға арналған ғылыми-педагогикалық семинарлар өткізу үшін Мәскеу, Санкт-Петербург, Саратов, Орынбор, Астрахан қалаларындағы жетекші жоғары оқу орындарының профессорлары келіп тұрады. Жалпы, халықаралық байланыс жүйесінде студенттерді академиялық алмасу бағдарламалары да ерекше маңызға ие. Мысалы, университетаралық ғылым және білім беру жүйесіндегі ынтымақтастықты тереңдете түсу мақсатында БҚАТУ-да Н.Вавилов атындағы Саратов мемлекеттік аграрлық университетінің биотехнология факультетінің ІІ, ІІІ курсының 11 студенті тағылымдамадан өтті. Ал 2009 жылғы сәуір айында академиялық алмасуға орайлас құрамы 17 адамнан тұратын студенттер тобы Саратов мемлекеттік техникалық университетінде оқып қайтты. Білім саласындағы мұндай барыс-келістердің білікті маман даярлау ісіне игі әсерін тигізері кәміл.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша университеттің екі оқытушысы 2009 жылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында Жапония елінде «Нанотехнология» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтсе, 2009 жылғы ақпанның 20-сынан 2010 жылғы ақпанның 1-і аралығында «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Деловер штатында университет оқытушысы Жанна Нұртаева «Зерттеудің электрохимиялық әдістері» тақырыбында ғылыми тағылымдамада болып қайтты. Ал 2008 жылы университет проректоры, техника ғылымдарының докторы Ғали Ғұмаров ҚР АШМ-ның конкурстық гранттар жүйесі бойынша инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы әлемдік банк арқылы қаржыландырылатын «Сапа менеджменті жүйесін енгізу - агрошаруашылық кешені халықаралық бәсекелестігінің негізі» тақырыбы бойынша грант иегері атанды.
Бүгінде БҚАТУ Н.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университеті және «Биоамид» жабық акционерлік қоғамымен бірге «Селенолин» ветбиопрепараттары мен «Натрий нуклеинаты» иммуномодуляторын өндіру жобасын жүзеге асыруды бастаған ірі консорциумның белді мүшесі ретінде танылды. Келісімшарттар аясында БҚАТУ Қырғызстан, Өзбекстан жоғары оқу орындары және Италиядағы еуропалық жоғары оқу орындарымен бірге «Темпус» жобасын жүзеге асыру турасындағы консорциум құрамына енді. Сонымен қатар облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тәмамдаған Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетімен де ғылыми байланыс жыл санап нығайып келеді.
Инновациялық білім беру консорциумы аясында қосымша кәсіптік білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру барысында БҚАТУ Н.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетімен келісімге қол қойды. 2008 жылдан бері қосымша кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша кәсіптік қайта даярлауға қатысты «Кәсіптік коммуникация саласындағы аудармашы» қосымша біліктілігіне қол жеткізу үшін 125 тыңдаушы, сондай-ақ аталмыш университетпен арадағы уағдаластыққа сәйкес «Кәсіпорындардағы экономика мен басқару» қосымша білім беру бағдарламасы негізінде 29 студент оқытылуда.
Елбасы биылғы Жолдауында «Кім батыл қимылдаса, табысқа сол жиі жететіндігін» баса айтқан-ды. Университет әкімшілігі оқытушылар мен студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуда біраз шаруа атқаруда. Мысалы, университеттің профессор-оқытушылар құрамына арналған сметалық құны 421,9 млн. теңге құрайтын алты қабатты 44 пәтерлі тұрғын үй 2008 жылы басталып, 2009 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді, бірақ қаржы қиыншылығына байланысты оны биыл аяқтау көзделіп отыр. Ал студенттерге арналған 9 қабатты 560 орындық жатақхананың құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталуы тиіс. Бұл жатақхана заманауи талаптарға сай жаңа жобалар санатынан. Мәселен, алғашқы қабаттарында студенттердің тұрмыстық қажеттерін өтеу орындары болмақ (кір жуу, киім тазалау орны, шаштараз, кафе, мәдени шаралар өткізетін зал т.т.). Студенттер баспанасының жалпы сметалық құны - 954,207 млн. теңге. Тағы бір мысал, 2009 жылы университет қалашығын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында университет аумағында қалалық бюджеттен бөлінген қаражатқа жаңа электр жүйесін тарату подстанциясы бой көтерді.
Университетте жылдар бойы жемісті еңбек еткен ардагерлер де тыс қалған емес. Былтыр күздегі қайырымдылық айлығы аясында және Құрбан айт кезінде 100 ардагерге екі рет, әрқайсысына 10 000 теңгеден, жалпы құны 2 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Қарияларға мұндай құрмет, қамқорлық алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз. Сонымен қатар Орал қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысы бойынша облыс орталығында тұратын 50 соғыс және тыл ардагеріне де материалдық көмек көрсетілетін болады.
Жалпы, БҚАТУ - бәсекеге қабілетті және еңбек нарығында сұранысқа ие экономикалық, техникалық, агробиологиялық және инженерлік-педагогикалық мамандықтар бойынша мамандар даярлайтын еліміздегі іргелі білім ошақтарының бірі. Республика бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының жоғары оқу орындары арасында бөлінуіне сәйкес 2007 жылы - 703, 2008 жылы - 996, ал 2009 жылы 1018 грант иегерлері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін таңдады. Бүгінгі таңда университет қабырғасында «Алтын белгі» 15 иегері білім алуда. Тек 2009 жылғы қабылдау нәтижесі бойынша Атырау облысынан - 57, Ақтөбеден - 18, Маңғыстаудан - 15, Қызылордадан -14, Ресейден - 4, Моңғолиядан - 9, Өзбекстаннан 6 студент қабылданды. Білімқұмар жастардың біразының БҚАТУ-ды таңдауына университеттің республика бойынша озық алты ЖОО-ның арасында ИСО-9001 сапа менеджменті жүйесіне сәйкесті және ИСО-14001 халықаралық экологиялық менеджмент жүйесіне сай сертификатталуы, республикадағы аграрлық салаға мамандар даярлайтын ЖОО-лар ішінде бірінші орын, ал 23 техникалық ЖОО-ның ішінде төртінші орынды иеленуі, бакалавр-магистр-философия докторы жүйесінің қарқынды жүзеге асырылуы, студенттер үшін жайлы жатақхана, қоғамдық тамақтанудың үйлесімді ұйымдастырылуы, дарынды студенттерді қолдау және әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге көмек көрсету бағдарламасының жүйелі жүргізілуі, шетел өкілдері мен оралмандар үшін дайындық бөлімінің қызмет істеуі, арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын оқу бағдарламасының енгізілуі, студенттердің отандық және шетелдік компаниялар мен кәсіпорындарда практикадан өту мүмкіндігі сықылды қадау-қадау факторлармен байланыстырған жөн. Сонымен қатар өңірдегі ірі кәсіпорындар мен белгілі фирмаларда БҚАТУ кафедраларының 30 филиалы, 180-нен астам тәжірибелік базасы жұмыс істейді.
Университетте студенттердің өндірістік, технологиялық, психологиялық-педагогикалық практикаларын отандық кәсіпорындардан басқа шетел компанияларында да ұйымдастыру жолға қойылған. Қазіргі таңда студенттерге практика ұйымдастыру, сынақ ісі, түлектерді еңбекке орналастыру аясында университет басшылығы 12 шетел компаниясымен меморандумға қол қойды. Мәселен, қол қойылған меморандумды жүзеге асыру мақсатында өткен оқу жылында шетел компанияларына 250 студент практикаға жолданды. Сондай-ақ шетел компанияларынан бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға ерекше үлес қосып жүрген ҚПО б.в. компаниясы. Осы компанияда практика ұйымдастыру үшін жылына екі рет студенттер таңдап алынады. 2008-2009 оқу жылында 167 студент КПО б.в мекемесіне практикадан өтуге жолданды. Компания күндері өткізіліп, мекеме менеджерлері 8 студентке КПО б.в білім гранттарын табыстады. Ал 2009-2010 оқу жылында КПО б.в білім грантына 43 студенттің құжаты таңдалып, конкурс комиссиясына жолданды. Бұған қоса университеттің студенттері Аджип ККО компаниясының білім гранттары конкурсына қатысып, 5 студент грант иегері атанды. Бүгіндері бірнеше студент Казэнерджи және Эни компанияларының білім гранттары (Италияда білім алу) конкурсына қатысып, бақ сынауда. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі жалғасын таба бермек.
Тағы бір маңызды мәселе, шетелде тұратын бауырларымызды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2006-2007 оқу жылы университет жанынан жоғары оқу орнына дейінгі дайындық бөлімі ашылып, алыс-жақын шетелдерден тыңдаушылар алғаш рет қабылданды. Тыңдаушылардың алаңсыз білім алуларына университетте толық жағдай жасалған. Олардың жатақханасы мәселесіне қоса, сабақ әзірлейтін оқу залы мен университеттің ғылыми-кітапханасын пайдалану мүмкіндігі түбегейлі шешілген. Шетелдерден келген тыңдаушылар даярлық бөлімінде бір жылдай мектеп бағдарламасына сай білімдерін жетілдіріп, кешенді тест тапсырып, кейін сынақтан өткен соң университет студенттері қатарын толықтырады. Мәселен, соңғы үш жылда дайындық бөлімін 202 тыңдаушы тәмамдап, 172-сі, яғни, 85 %-ы оқуға түсті. Ал 2008-2009 оқу жылы 53 тыңдаушының 40-ы оқуға түсіп, оның 20-сы грант, 11-і ақылы негізде, 9-ы колледждің бюджет тобында оқуын жалғастыруда. 2009-2010 оқу жылы 40 тыңдаушы қабылданып, бүгінгі таңда 37-сі білім алуда. Шетелдерден келген тыңдаушылардың оқуы, жататын жері тегін, оған қоса ай сайын 8000 теңге шәкіртақы алады. Бүгінгі таңда университет студенті атанған шетелдік бауырларымыздың арасында ресейліктер - 28 %, Өзбекстаннан келгендер - 18 %, монғолиялық студенттер - 53 %, ал Түркменстаннан келгендер 1 пайыздық үлеске ие. Шетелдік студенттер әдетте негізінен университеттің машина жасау, политехникалық, малдәрігерлік медицина және биотехнология, агрономия факультеттеріне қатысты мамандықтарды таңдайды. Бүгінде университетте ұзын-саны 81 шетелдік студент білім алуда.
Қорыта айтқанда, Қазақстанды дамыған мемлекеттермен теңестіретін, Отанымызды бәсекеге қабілетті елге айналдыратын білім-білігі мығым мамандар. Сол себепті Елбасы тапсырмасына сәйкес бар күш-жігер осы ұлы мұрат-мақсатқа жұмылдырыла бермек.