«Жоғары оқу орындары сырттай оқуды табыс көзіне айналдырып отыр ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 5 ақпан, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Жоғары оқу орындары сырттай оқуды табыс көзіне айналдырып отыр ма?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, еліміздің сегіз жетекші жоғары оқу орны Ректорлар консорциумын құрды. Жуырда Алматыда ҚМЭБИ (КИМЭП) университетінде Білім және ғылым вице-министрі Т.О.Балықбаевтың қатысуымен алғашқы ұйымдастыру мәселелеріне арналған құрылтай отырысы өтті. Әзірше консорциум құрамына Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, ҚМЭБИ университеті, Қазақ гуманитарлық-заң университеті мен Халықаралық бизнес академиясы енген. Консорциум қызметтері үш негізгі бағытта қарастырылған. Біріншіден, Білім мен ғылым министрлігіне академиялық автономияны және еркіндік енгізу, ғылыми зерттеулерді жетілдіру, жоғары білімді жаңарту және интернационалдандыру, сонымен қатар Қазақстан ЖОО-ларын үздік әлемдік тәжірибелермен сәйкестендіру және Болон процесін іске асыру жөнінде кеңестер мен ұсыныстар беру. Екіншіден, халықаралық деңгейде танылған жоғары білім саласындағы Ортаазиялық аккредитациялау агенттігін ұйымдастырып, дамытуды басқарады. Үшіншіден, жоғары білімнің дамуына көмек көрсету мақсатында Қазақстан ЖОО-лары үшін тренингтер мен сараптамалық қолдауды ұйымдастырады. Бұл жайында «Ректорлар консорциумы елімізде жоғары білім жүйесінің сапасын жақсартуды көздейді» деген мақаладан оқи аласыз.

Бас басылым экшн жанрындағы ғылыми-фантастикалық картинаның тұсауы кесілгенін жазады. Осы тақырыпты арқау еткен мақала «Елес қуған сайыпқыран» деген атаумен көпшілік назарына ұсынылып отыр. Соңғы кездері аяқ алысын нықтап, көрермен қауымды кәдімгідей елеңдетіп отырған «Қазақфильм» киностудиясының жаңашыл жұмыстарына тілеулес көңілмен ондағы қолға алынған әрбір жобаға, әрбір жаңа туындыға сәттілік тілеп, шыққан фильмдердің бірін де қалт жібермеуге тырысып жүргеніміз рас. Міне, жақын күндері «Қазақфильм» киностудиясы кезекті, түсірілуі бөлек туындысын - «Елес қуған сайыпқыран» атты ғылыми-фантастикалық элементтері бар көркем фильмді бірден екі тілде тарту еткелі отыр.

***

«Айқын» газетінде «Қазынаның қызығын Қазақстан халқы көруі қажет» деген мақала берілген. Қазақстан «көгілдір отынды» кәдеге жарату ісіне мықтап кірісті. Тәуелсіздіктің бірінші онжылдығында бекітілген контрактілерде мұнай өндіруге басымдық беріліп, ал ілеспе шығатын газ туралы мүлдем ештеңе айтылмаған екен. Содан бұл стратегиялық шикізат алауларда өте үлкен ауқымда босқа жағылып келді. Енді бұл тәжірибе тарихқа жол тартпақ. Кеше Мұнай және газ министрлігі «Қазақстанның газ саласын дамыту Тұжырымдамасын» әзірлеп жатқандарын хабарлады.

Осы басылымда «Мәжіліс депутаттары аймаққа шығады» деген материал жарияланды. Мәжіліс депутаттары ақпан айының 6-сы мен 15-і аралығында еліміз аймақтарында болып, Елбасының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын түсіндіру, насихаттау науқанына кіріспек. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысында Мәжіліс төрағасы, фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулин мәлім етті.

***

«Түркістан» басылымда «Желден жүйрік керқұлан еді... Ол да орыс генералына тиесілі болып қала бере ме?» деген мақала басылды. Керқұланды 1878 жылы Орталық Азияға саяхат жасаған орыс саяхатшысы Н.М. Пржевальский Қытайдағы Жоңғарияның шөлді аймағынан кездестіріп, терісі мен бас сүйегін Ресейге алып кеткен. Оны зерттеген орыс ғалымы И.С. Поляков (1845 - 1887) мұның жабайы жылқының жеке түрі екенін анықтап, орыс саяхатшысының құрметіне "Пржевальский жылқысы" деп атаған. Құлан тектес болғандықтан, Пржевальский жылқысын соңғы жабайы жылқы деп атауға да болады. Табиғатта Пржевальский жылқысы шағын үйірде (10-15 бас) топтасып өмір сүреді екен. «Бұл жылқылардың бір ерекшелігі, аязға шыдамды, қар астынан қорегін қазып жей береді. Мұндай жылқылардың еліміздің аймағында аса мол болғанын тарихи құжаттардың бәрі қапысыз дәлелдейді»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Айқын» басылымындағы «Көкейдегі сауал» айдарында «Жоғары оқу орындары сырттай оқуды табыс көзіне айналдырып отыр ма?» деген мәселе көтерілді. Осы орайда еліміздегі бірқатар мамандардың пікірлері ортаға салынып отыр. Гүлшат Нұрымбетова, саяси ғылымдар докторы, профессор: - Елдің бәрі күндізгі бөлімде оқуға шамасы келмейді және мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан сырттай оқуды жөн көретіндер көп. Әсіресе, колледж, училище бітіргендер өз мамандықтары бойынша жұмыс істей жүріп, сол білімді жоғары оқу орындарында жалғастырғысы келеді. Әрине, олар сырттай оқуды таңдайды. Кейде «сырттай оқуда білім жоқ» деп жатады. Бұған жартылай келісуге де, келіспеуге де болады. Неге десеңіз, «ақшасын төлеп қойдық, бәрібір диплом береді» деп үстірт қарайтындар да бар, барын салып оқитындар да жеткілікті.