Жоғары санатты дәрігер: Ауырып келген баланың күліп шыққанын қалаймын
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Махамбет ауданында балалар дәрігері, неонтолог болып жұмыс істейтін Махсұт Есеев әріптестерімен бірге 35 жыл бұрын өзбекстандық 1,5 айлық нәрестені клиникалық өлімнен құтқарып қалған. Бұл оқиға 1988 жылы Өзбекстан Республикасындағы Сурхандария облысында болған. Жақында өзбекстандық қария Панжир Юлдашев қызын өлім аузынан аман алып қалған дәрігерлерге «Жди меня» бағдарламасының студиясында алғысын білдірді. Жоғары санатты дәрігер «Адам өмірінің жалғасы – дені сау ұрпақ. Әр ата-ана ғана емес, балалар дәрігерлері де осыны қалайды. Дәрігердің міндеті – пациенттің қандай сырқатпен ауырғанын анықтап, жедел медициналық көмек көрсету. Ауруы жанына батып, жылап жатқан баланың сырқатынан айығып, күліп шыққанын көргім келеді. Осы ұстаныммен жұмыс істедім» деген ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– Махсұт Максимұлы, алдымен медициналық жоғары білімді қашан, қай оқу орнынан алып едіңіз?
– Менің туған жерім – Атыраумен шекаралас Ресейдегі Астрахань облысы. Онда қазақ ауылдарында тұратын қандастарымыз көп. Бәрі де қазақша сөйлейді, ұлтымыздың салт-дәстүрін берік ұстанады. Әлі де туып-өскен жерге барып тұрамын. Ал, медицина саласын таңдауыма анамың әсері етті деп ойлаймын. Өйткені, анам да осы саланың қызметкері болған.
Бала күнімнен дәрігер болуды мақсат еттім. Сол мақсатыма қол жеткізу үшін Астрахань медициналық институтына оқуға түстім. Бұл институтта оқып, дәрігерлік мамандықты меңгерген қазақ жігіттері мен қыздары аз емес. Мені мединститутты бітірген 1982 жылы жолдамамен сол кездегі Целиноград қаласындағы балалар ауруханасына жұмысқа жіберді. Содан бері медицина саласында еңбек етіп келемін.
– Жақында сізге өзбекстандық азамат «Жди меня» бағдарламасының студиясында алғыс білдірді. Бұған не себеп болды?
– Бұрынғы Целиноград қаласындағы ауруханада еңбек жолымды бастап, бес жыл жұмыс істедім. Интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі болдым. Алайда, білімімді одан әрі жетілдіру үшін аспирантураға баруға шешім қабылдадым. Сөйтіп, 1987 жылы Мәскеудегі КСРО Медицина ғылымдары академиясына қарайтын педиатрия ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына оқуға қабылдандым. Сол жылдары Орта Азия республикаларында ішек ауруларының инфекциясы жиі қайталатын еді. Сол себептен болар, біз оқып жүрген институт 1988 жылы Өзбекстан Республикасына бір топ аспирантты жіберді. Біздің бригадада екі қазақ, бір қырғыз, бір түрікпен және бір орыс болды. Екі қазақтың бірі – Бекбай Хайруллин, екіншісі – мен. Екеуміз де аспирантураға сол кездегі Целиноград қаласынан барған едік. Ол да ауруханада бөлім меңгерушісі болған.
Біз Өзбекстанның Сурхандария облысының Ленин жолы аудандық ауруханасында 40 күн жұмыс істедік. Аурухананың бірінші қабатында балалар, екінші қабатында ересектер жатады. Жансақтау бөлімінде 6 кереует бар екен. Дизентерия, сальмонеллезбен ауырып жатқан балалар да, ересектер де көп. Тіпті 20 баланы жансақтау бөліміне жатқызуға болар еді.
Сол күні жұмыстың соңында сырқат балаларды тағы бір рет қарап шықтық. Кезекші дәрігерге қай балаға көбірек назар аудару қажеттігін ескерттік. Қасымдағы Бекбай дәрігерлер бөлмесінен шығып кеткен еді. Оны 3-4 минут күтіп қалдық. Бір жарым айлық нәресте қимылсыз, клиникалық өлім жағдайында жатқанын білдік. Жүрек соғысы, еш тіршілік белгісі байқалмайды. Былайша айтқанда, оның ағзасы арпалысып жатыр. Сәл кешіксек, өліп кетуі мүмкін. Дереу іске кірістік. Бес минутта өлім аузында жатқан шақалаққа катетер қойып, жүрек соғысын, тыныс алуын, сатурациясын қалпына келтірдік. Бір күннен соң көзін ашты.

– Кейін нәрестенің ата-анасымен байланыс жасап тұрдыңыз ба?
– Сол жылы күзде әкесі Панжир Юлдашев досымен бірге Мәскеуге іздеп келді. Жатақханадағы бөлмемізде қонақ болды. Кейін 1992 жылға дейін хат жазып тұрды. Ол бізге алғысын білдіру үшін 2010 жылдан бері іздеп жүр екен. Биыл «Жди меня» бағдарламасы арқылы іздегенін достарымыз хабарлады. Өзбекстан азаматы Панжир Юлдашевпен 35 жылдан соң Бекбай Хайруллин екеуміз бағдарламаның студиясында кездестік. Ал біз құтқарған қызы Нигоро бойжетіп, тұрмысқа шыққан. Үш баласы бар. Енді төртінші баласын өмірге әкелуге дайындалып жүр.
– Аспирантурада алған біліміңіз кейінгі жұмысыңызда қолдандыңыз ба?
– Аспирантураны 1990 жылы бітірдік. Содан соң Қазақстанға оралдым. Бұрынғы Целиноград қалалық балалар ауруханасында еңбек жолымды жалғастырдым. Жалпы медицина саласында кәсіби біліктілікті ұдайы жетілдіріп отыру қажет. Өйткені, қазір аурудың түрі тіркеліп отыр. Ауыр диагнозбен өмірге келетін сәбилер бар. Сондай сәбидің бірінің кіндігіне катетер қоюды енгіздім. Өкпесіне су жиналған нәрестеге пункция жасадым. Шындығында бұл – медицинадағы қиын процедура бірі. Бұл үшін әрине, іздену, тәжірибеге сүйену керек. Жалпы, дәрігерлер алдымен тұрғындардың денсаулығын сақтауды көздейді. Өйткені, біздің жұмысымыздың басты көрсеткіші тұрғындардың саулығымен өлшенеді. Сырқаттанған жандар тезірек сауығып, отбасына, жұмысына оралып жатса, біз үшін үлкен жетістік болар еді. Бізге халықтың алғысын алудан асқан қуаныш жоқ.
– Атырау медицинасында да қолтаңбаңыз бар екен...
– Дәрігерлер қай өңірде жұмыс істесе де алдымен жұмысын қалтқысыз атқаруды ойлайды. Біздің басты міндетіміз – халықтың денсаулығын сақтау. Сол себептен, Атырауда жедел жәрдем стансасына жетекшілік ету жауапкершілігі жүктелді. Ауырған адамның өмірін сақтап қалу алғашқы медициналық көмектің сапалы көрсетілуіне байланысты болады. Осы орайда жедел жәрдем бригадасына жүктелер жауапкершіліктің салмағы ауыр. Өйткені, алғашқы сәтте диагнозды дұрыс қою қажет.
Ал, 2014 жылдан бері Махамбет аудандық орталық ауруханасында педиатор әрі неонтолог қызметін қоса атқарып келемін. Ата-ана үшін сәбидің өмірге келгені үлкен қуаныш ғой. Дәрігерлер де әр сәбидің ауырмағанын, аман-есен жетіліп, ата-анасын жетістігімен қуантқанын, елге абыройлы қызмет еткенін қалайды. Өйткені, адам өмірінің жалғасы – дені сау ұрпақ. Сол себептен, ауруханаға қиналып келген баланың тезірек сауығып, үйіне күліп оралғанын қалаймын.
Жас ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін аудандық емханаларда педиатрия бөлімшесі құрылғаны жөн. Осындай бөлімшеге көп штат қажет емес. Екі дәрігер, 4-5 медбикенің штатымен балалардың саулығын қорғауға болады.
– Әңгімеңізге рақмет.

Фото: Махсұт Есеевтің жеке мұрағатынан