Жоғары сұрыпты бидай мен ұн қазақстандық экспорттың бренді бола алады

әуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтырғы Қазақстанның астық рекорды, одан кейінгі әлемдік нарықтағы, ішкі нарықтағы бағаның тұрақсыздығы осы салада біршама алаңдаушылық тудырған болатын. Алдымен бітік шыққан астықты төкпей-шашпай жинап, сол рекорды үшін қуанған шаруалар, кейіннен астықты бүлдірмей сақтау, өткізіп үлгеру үшін біршама күйінген еді. Дегенмен, Үкіметтің астық сатып алуға қазынадан қаражат бөлуі, экспорттық бағыттардың
None
None

әртарапты жолдарын қарастыруы жағдайды біршама жеңілдеткендей болды. Бірақ, проблема түпкілікті шешімін тапқан жоқ, өйткені Парламент мінбелерінен әлі күнге солтүстіктегі қамбалардың аузы-мұрнынан шыға астыққа толы екендігі, оны елдегі басқа қамбаларға тасымалдауды жеделдету қажеттігі туралы сауалдар айтылып жатыр. Тіпті, қызды-қыздымен халық қалаулыларының бірі осы астықты дұрыстап өткізе алмайтын болған соң, алдағы уақытта бекер ысырап қылмай шақтап себу керектігі туралы «ақылын» алға тартқан. Ал Қазақстанның Астық одағы әрине, бұндай «ақылды» артық кеткендік деп қабылдайды. Өйткені, астық экспорты бойынша әлем елдері ішінде алғашқы ондыққа кіретін, ұн экспортында соңғы үш жылда көшбасшылықтың туын түсірмей келе жатқан Қазақстан үшін астық саласын дамытудан ұтар көп.

Ендеше, былтырғы Қазақстанның рекорды 20 млн. тонна астық болса, ендігі кезеңде бұл көрсеткіш мүлдем төмендемеу қажеттігі, керісінше оны арттыра түсу керектігі айқын болып отыр. Өйткені, әлемдік нарықтағы жағдай осыны талап етеді әрі осы астық арқылы Қазақстанның әлемдік нарықтағы ұстанымын бекемдей түсуге де болады. Сол үшін де астық экспортының әралуан, әртарапты бағытын мығымдай түсу, әлемдік нарыққа шығудың төте жолдарын дөп табу - бүгінгі биліктің астық саясатындағы басты міндеттерінің бірі болмақ. Тетігін тапса, қазақ бидайына әлемнің түкпір-түкпірінен сұраныстар легі әлі де молая түсетіні даусыз.

Ресми билік ағымдағы жылы да шаруаларға жағдайды қамдап, қолдан келгенше ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көмек беруге дайындығын білдіріп отыр. Мәселен, жақын аралықта басталатын көктемгі егіс науқанын қаржыландыруға «ҚазАгро» холдингі 86,1 млрд. теңге бөлетін болады. Шаруаларды жанар-жағармайдың барлық түрлерімен қолжетімді баға бойынша қамтамасыз ету, мемлекет есебінен тұқымдарды сұрыптау, дизельдік отынның құнын арзандату, минералды тыңайтқыштар және далалық суармалы жерлер қызметтерін қолдау секілді бірқатар кешенді шаралар жүзеге асады. Жақын аралықта астық тасымалдауы үшін шығындарды төмендету тетігі іске қосылады. Бұл жөнінде Қазақстан мен ресейдің теміржол сала басшылары уағдаласқан еді. Бұның өзі қазақстандық астықтың баға бәсекелестігіне өз септігін тигізеді деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет астық өсірушілер үшін жеңілдіктерді үдете түседі. Ендігі мақсат сол астықтың экспорттық әлеуетін арттыру.

Бұл ретте Қазақстан астығын Қытайдан транзит арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне жеткізу бағыты жайында біршама әңгіме болған еді. Бүгінгі жағдайда сарапшылардың басым бөлігі осы мәселедегі сең қозғалғанын да мойындайды. Бұған дейін ел тарихында тұңғыш рет 20 мың тонна астық Қытайға экспортталды. Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комиссиясының 5-ші отырысының шешіміне сәйкес, қазақстандық астықты Қытайға және Қытай аумағы арқылы үшінші елдерге жеткізу мәселелері қарастырылған болатын. Ал қазіргі күні Қытай арқылы транзитпен кореялық компанияға 600 мың тонна астық тасымалдау туралы келісім жасалып жатыр.

Бұдан бөлек Қазақстан өзіндік астық экспортының инфрақұрылымын құру барысында Каспий теңізінің астық терминалының қуаттылығын арттыру шараларын жүзеге асырады. Қазіргі таңда Ақтау-Баку-Әмірабад инфрақұрылымының астық өткізу қуаты жыл сайынғы 50-55 мың тоннаға дейін жетіп отыр. Сонымен бірге, ирандық үкімет өкілдерімен бірлесіп парсы шығанағына шығуға мүмкіндік беретін Имам Хомейни портында астық терминалын салу зерделенуде. 2011 жылы Қытайдың шекарасында теміржолдың астық терминалын салу жоспарланған. Бұл жоғарыда атап өтілген Оңтүстік шығыс Азия елдеріне қарай транзитті үдете түседі. Бұдан бөлек, Ресей аумағындағы Қара теңіз немесе Азов теңізінде астық терминалын салу немесе оған иелік ету мәселесі қарастырылады. Әрине, мұндай дәліздер алдағы уақытта Қазақстанның Еуропалық одаққа, Таяу және Солтүстік Шығысқа, Солтүстік Африка елдеріне астық экспортының негізгі бағыттарын құра алады. Ал өңірлік нарыққа келетін болсақ, өткен жылы еліміздегі Бейнеу стансысында элеватор кешенінің құрылысы басталған. Бұл нысан қазақстандық астықты Түрікменстан мен Ауғанстанға қарай бағыттауды арттыру қуатын иеленеді.

«Алдағы егін орағына дейінгі 5 айдың ішінде Қазақстанның астық экспорты ұлғая түседі. Мемлекет тарапынан тасымалдау шығынын азайтуға қолдау жасалғандықтан, бұған көршілес елдер де бәсекелес бола алмайды. Сондықтан да, астық өсірушілер үшін жаңа егін орағы науқанында әлі де қамбада жатқан астықтың мөлшерін ойлап, алаңдаушылық білдіруге еш негіз жоқ. Оның ішінде жаңа науқанда бидай бағасы қайта құлдырайды дегенге еш қорқыныш болмауы тиіс», дейді Қазақстан Астық одағының төрағасы Нұрлан Тілеубаев. Оның пікірінше, алдағы перспективада қазақстандық астықтың экспорттық әлеуеті зорая түседі. Бұл сала еліміз үшін маңызды салаға айналатын болады.

«Бізге 2011 жылдың астық жинау науқанына дейін шыдап бағу керек. Дегенмен, биылғы жағдайға абыржудың да қажеті шамалы. Ал дәл осы 2011 жылдың астық өнімі жиналғаннан бастап, Қазақстанда ешқандай да бидайды өткізуге қатысты проблема болмайды. Бұған себеп әртарапты экспортық сұраныстың ұсыныстан асып түсуі. Осы кезеңдер бойынша Қазақстан үшін өңірдегі бір ғана бәсекелес мемлекет бар, ол - Ресей. Біздің бүгінгі кемшілігіміз теңіз терминал порттарынан қашықта орналасқанымыз болса, енді 1-2 жылдан кейін жоспарланған бағыттар жүзеге асқанда бұндай кемшіліктің бәрі жойылады», деді Н. Тілеубаев.

Яғни, бір сөзбен айтқанда Қазақстанның астық нарығында бүгінгі жағдай қалыпты тұрса, 2011 жылдан бастап барлық бағыттағы экспорттық маршруттар іске қосылғаннан кейін бұл саладағы бәсекелестік берік болады.

«Жалпы, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының 90 пайызын бидай және ұн өнімдері құрайды. Бұл біздің ұлттық брендіміз. Қазақ бидайындай бидай еш жерде жоқ, алдағы уақытта бұндай бидайды іздеушілер саны да артады. Ендеше, біз әлем елдеріне, көршілес мемлекеттерге қажетті сұранысты шығаруға құқылымыз», деді Н. Тілеубаев.

Италияның премьер-министрі бір сөзінде макарон өнімін қазақстандық бидай ұнынан дайындаса сапасы жоғары болатынын еске салыпты деген әңгіме бар. Шындығында, жоғары сапалы, қатты сұрыпты қазақстандық бидайға әлемдік сұраныстың алдағы уақытта да арта түсетініне сенуге болады. Бірақ, неге екені белгісіз соңғы кездері бұндай сапалы бидай өсіру кеміп кеткен. Мәселен, 1975-80 жылдары Қазақстанда 5 млн. тоннаға жуық қатты, яғни жоғары сұрыпты бидай сатып алынып тұрған екен. Ал былтыр елімізде бұндай сұрыпты бидайдың жиналғаны 1,2 млн. тоннаны ғана құрайды. Ендеше, бидай мен оның өнімдерінің сапасын арттыру арқылы экспорттық әлеуетті күшейтіп қана қоймай, оны әлем мойындаған ұлттық брендке айналдыруға да болады емес пе.

Соңғы жаңалықтар