«Жоқ» жерде пайда болған қала. Нұркент халқы 100 мың адамға жететін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының Панфилов ауданында «пайда болған» Нұркент ауылы жақын келешекте 100 мыңға тарта халық тұратын үлкен қалаға айналады.
Қызу құрылыс алаңына айналған «нұркенттіктердің» бүгінгі өмірі туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің фоторепортажы.
Жаңадан бой көтерген ауыл Алтынкөл стансасынан 9 шақырым қашықта орналасқан. Бұл стансы да Нұркент секілді жаңа. Ол бір жағынан әйгілі «Достық» бекетінің кіші көмекшісі тәрізді. Мұнда күн сайын ондаған мың тонна жүктер кедендік тексерістерден өтіп, тиеліп, шартарапқа, пойыз контейнерлері арқылы Қытайдан Еуропаға, Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдеріне жөнелтіледі. «Біз бұнда импорттық жүктерді тексереміз. Ал «Достық» стансысы негізінен экспорттық жүктерді жөнелтеді. Сонымен қатар, «Достықтың» жүктемесін азайту үшін ол жақтан үлгермейтін пойыздарды да біз қабылдаймыз», - деді Алтынкөл стансысының бас инженері Жандос Ұнтақбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұйымдастырған пресс-тур барысында.
Әзірше мұндағы жұмыстың басым бөлігі осындай. Алайда, сарапшылардың бағалауынша ұзақмерзімді жоспарларды жүзеге асыру барысында Алтынкөл стансысы Қытаймен шекарадағы аса маңызды нысанға айналатыны да хақ. Бүгіннің өзінде айналымын арттырып жатқан бұл стансы ортамерзімді перспективада Достықтан да ауқымды алаңға айналады. Сонымен қатар, Достық-Алашаңқай мен Алтынкөл-Қорғас шекаралық өткізу бекеттері ресейлік бағытқа нағыз бәсекелеске айналатын болады.
«Қарапайым есептеп көрелік. Дәстүрлі теңіз жолымен (мұхитпен) Қытайдан Еуропаға жүк жеткізу өте ұзақ. 60 тәулікке жақын. Бірақ Қытайдың Ляньюнгань портынан Қазақстанның аумағы арқылы жүрсе жолға кететін уақыт 13-15 тәулікке азаяды. Сондықтан да, біздің стансаның келешегі зор. Біз жыл басынан бері 115 контейнер пойыздарын жөнелттік. Контейнерлерді тексеруге кеткен уақыт Алтынкөл стансасы бойынша 3 сағат 55 минутты құрайды. Кедендік үдерістер үшін стансыда қажеттінің бәрі, технологиялар мен техникалар толығымен бар», - дейді Жандос Ұнтақбаев.
Алтынкөл мен Нұркент арасында автобус қатынайды. Нұркент қазірше қала емес, атауы да ресми бекітілмеген. Ол картаға да кірмеген. 2012 жылы ғана салынғанына қарамастан, ауыл бірден осындай болып салынған екен деуге болады. Ондағы қала құрылыстарына тән түп-түзу көшелер, озық инженерлік инфрақұрылымдар көзге бірден ұрады. Мұнда бәрі бар: интернет те, кәріз жүйесі де, суық су мен ыстық су да. Қысқасы қалалық өмірге не қажет болса, мұнда соның бәрі бар. Көшелері де қалаға қарағанда таза, ақшаңқан түстес үйлерінің өзі көз алдыға шипажай қалаларды елестетеді. Ауылдың аумағы 35 гектарға жуық. Әрине, бұл үлкен емес.
Ауылдың 2100 тұрғыны үшін 640 орынды мектеп, 240 орында балабақша, 20 адамға арналған монша, шағын сауда үйі мен ресторан да жұмыс істеп тұр. Қыдыру үшін бұл аздық етсе, 30 шақырым тұрған Жаркентке де баруға болады. Тұрғындардың өздері де бұдан еш қиындық көріп отырған жоқ тәрізді.
Бір жағынан алғанда бұл шенеуніктерсіз қалаға ұқсайды. Әкімдік ғимараты мен оның қызметкерлеріне арналған жатақхана әлі салынып бітпеген. Елді мекен әзірше Пенжім ауылдық округына қарайды.
«Бұл нағыз арман қала», - дейді журналистер шаңырағында болған жас механик Әділбек Есілбаев. «Өздеріңіз ойлаңыздаршы, біз мұнда бір чемоданмен ғана келгенбіз. Бізге бәрін дайын күйінде берді - жиһаз да, тұрмыстық техникалар да, тіпті теледидарға дейін осында. Пәтердің өзі жылы, ыңғайлы. Біз мұнда электр энергиясы үшін ғана төлейміз, ол 2,5-3 мың теңге», - дейді ол.
Есілбаевтар мұнда Алматыдағы Көлік және коммуникация академиясын бітіре салысымен көшіп келген. Олар теміржолшылар. Отбасында екі баласы бар, біреуін ата-әжелерінің қолына берген екен. Көппәтерлі тұрғын үйден екі бөлмелі пәтер тиген. Мұнда жеке үйлерде тұратындар да бар. Кімнің қайда тұратынын арнайы комиссия бөлген. Әділбек Есілбаевтың айтуынша, Нұркент жас отбасылар ауылы. Оның сөзінің де жаны бар. Мәселен, статистика бойынша бұл шағын ауылда жыл сайын 50 бала өмірге келеді екен. Мұндай шағын ауыл үшін бұл өте жақсы көрсеткіш.
Балалар екіқабатты, 240 орындық бақшаға барады, онда музыка мектебі де, дене шынықтыру залы да, басқа да шығармашылық сыныптары да бар.
Жергілікті мектепте 475 оқушы білім алады. Директор Марат Жекенбаевтың айтуынша, Бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижесінде бұл ауыл мектебі үздік ондыққа кірген. Мектепте оқитын 48 бала тегін тамақпен қамтылған. Айтпақшы ондағы ас мәзірі бір балаға күніне 220 теңгені құрайды. Ал ұлттық компания қызметкерлері бұнда жұмысқа қатысты еш проблема болмайды дегенді алға тартады.
Нұркент «Қорғас Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына кіреді. Оның аумағында «Қорғас» Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы да, құрғақ порт пен индустриялық аймақ та бар.
Яғни, түйіндей айтқанда бұның өзі үлкен еңбек күшін қажет ететін алып машина тәрізді.
Қазіргі күні бұл ауылда көбінесе кеденшілер мен теміржолшылар тұрып жатыр. Олардың біразы жаңа салынған аумақта теміржолшылар династиясын жалғастырып та келеді. «Менің атам да, әкем де теміржолшы болған. Тіпті біздің отбасымыздың өзі осы мамандыққа берілгендігі соншалықты, атамның аты Пойызбай, әкем Вагонбай. Қалжыңсыз. Мен де өз жұмысымды жақсы көремін. Білмеймін,кейде мен осы теміржолда тегін болса да істей беретін едім деп ойлап қоямын», - дейді Жандос Ұнтақбаев. Оның сөзіне қарағанда, теміржолшының орташа айлығы 182 мың теңге екен.
Алдағы уақытта Нұркент 100 мың халық тұратын заманауи қалаға айналады, ал оның аумағы 300 гектарды алып жататын болады. Ал әзірше бұл жер тамылжыған тыныштық құшағында. Ондай тыныштықты қаланың тынымсыз тірлігінен шаршаған қалалықтар үшін жұмақпен де теңестіруге келетін тәрізді. Қысқасы қалалық өркениеттен бас тартпаған ауылдың болашағы жарқын болатынына еш шүбә жоқ. 





