Жол инфрақұрылымын дамыту экономикаға тың серпін береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жібек жолын жаңғырту 2011 жылы Мемлекет басшысы алға қойған Қазақстанның «мүмкіндіктер терезесін» ашу арқылы, жаһандық күрделі үдерістер нәтижесінде пайда болған, әлемдік өндірістік географиялық өзгерістер және қосымша құн салығы салынған тауарлар үлесінің тұтыну құрылымында артуына берілген жауап ретіндегі стратегиялық тапсырма болып табылады.
Қытайдың батыс және орталық аймақтарының жылдам дамуы, олардың шығаратын тауарларының үштен бірі сұранысқа қажетті жоғары технологиялық өнімдер екендігі белгілі. Сондықтан да оны Қазақстан аумағымен трансқұрлықтық құрғақ жол арқылы жеткізу оңтайлы әрі жылдам, яғни Қытайдың шығыс жағалауындағы порттардың қашықтығымен салыстырғанда, теңіз жолдарына қарағанда жеткізу мерзімі үш есеге азаяды. Сонымен қатар, жиілігі де артады.
Инфрақұрылымдық инвестициялар тікелей және жанама түрдегі мультипликативтік тиімділікке жеткізіп, еліміздің ұзақ мерзімдік дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Экономикалық сарапшылар көліктік инфрақұрылымды капиталды тиімді пайдаланудың үш маңызды факторының бірі деп есептейді. Германия кәсіпорындарының 56%-ын өндірісті инвестициялауда шешім қабылдау мәселесі бойынша аймақаралық көлік түрлерін дамытуды 15 фактордың ішіндегі 3-ші орынға шығарып отыр.
Қазақстанның көліктік-логистикалық саласына инвестиция тарту мен инфрақұрылымдағы ауқымды жаңғырту жұмыстары ел экономикасының мульти- пликативтік тиімділігіне жеткізіп қана қоймайды. Сонымен қатар, Еуразия құрлығындағы көлік бағдарларының архитектурасын өзгертеді. Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүктердің жаһандық логистикалық тізбегі бағдарын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз етеді.
Соңғы алты жылда Шығыс - Батыс, Солтүстік - Оңтүстік халықаралық көлік дәліздерін оңтайландырып, жақындата түсетін 1700 шақырым жаңа жол салынды. Пайдалануға берілген Жезқазған - Бейнеу және Арқалық - Шұбаркөл жаңа теміржол желісі арқылы алғашқы 22 айда 15,7 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл жол арқылы белгіленген жобалау экономикалық-техникалық құжаттарға сәйкес, алғашқы бес жылда 12 мың жүк пойызы өткізілуі тиіс болса, қазірдің өзінде 8 мың жүк пойызы өткізілді. Бүгінгі таңда маңызды транзиттік желінің өткізу қабілетін арттыру үшін 111 шақырымдық Алматы - Шу екінші теміржол телімі құрылысы жүргізіліп, электрлендірілуде.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды «Орталық - Оңтүстік», «Орталық - Шығыс», «Орталық - Батыс», «Астана - Петропавл» автожол жобалары жүзеге асырылуда. Биылғы жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» трансқұрлықтық автомагистралының 2787 шақырымдық қазақстандық бөлігі ашылатын болады. 2020 жылдарға дейін жалпы ұзындығы 7 мың шақырымдық автожолды қайта жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қазақстан аумағы мен одан сырт елдерде де Еуразия құрлығындағы жүк ағынын шоғырландырып, дистрибуциялық қызмет жөніндегі логистикалық орталықтарының тірек желілері салынуда. Өткен жылы компания серіктестерімен бірлесіп Астана қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «А» сыныбындағы көліктік-логистикалық орталық тұрғызды. Ол бүгінгі таңда қызмет көрсете бастады. Биылғы жылдың 4-ші тоқсанында осындай орталықты Шымкент қаласында пайдалануға беру жоспарланған. Қытайда, Орталық Азияда, Кавказда, Түркияда, Парсы шығанағы елдері мен Еуропада жүк ағындарын шоғырландыру және дистрибуциялық орталықтардың сыртқы терминалдық желілері салынуда.
Қазіргі кезде компанияның Қытайдың шығыс жағалауындағы Ляньюньган портында терминалдық инфрақұрылымы жұмыс істейді. Терминалдың қуаттылығын одан әрі дамыту үшін, Ляньюньган порты маңындағы ШЫҰ логистикалық аймағында 450 гектар жерде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның құрылысы аяқталған соң 2020 жылы 2,2 млн. ЖФЭ көлеміндегі жүкті шоғырландыруға қол жеткізіледі.
Қазіргі таңда, Қазақстанның кедендік тазалау үдерісі тиімділігінің (шекаралық) рейтингі 35 деңгейге жақсарды. Көліктік инфрақұрылым көрсеткіш нәтижесінің рейтингі жақсарып 41 орынға көтерілді. Компанияның тапсырыс берушіге қолайлы жағдай көрсету мен тасымалдауды ұйымдастыру үдерісі де өрге басты. Бәсекелестікке сай бағамен халықаралық тасымалдауды тұрақты бақылап отыру мүмкіндігі жасалды. Осындай шараларды атқару арқылы Қазақстанның логистикалық тиімділік индексі жаңа деңгейге көтерілді. Нәтижесінде Қазақстанның аймақтағы логистикалық және іскерлік хаб ретінде қалыптасуына ықпал етті. Сонымен қатар, инвестициялық ахуалы жақсарды. Ендігі мақсат 2020 жылы елімізді әлемдегі үздік логистикалық ахуалы орнықты 40 мемлекеттің қатарына қосу болып табылады.