"Жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2009 жылы еліміздің көлік және коммуникация саласында 55 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - "Жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2009 жылы еліміздің көлік және коммуникация саласында 55 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
None
None

Бұл туралы бүгін Көлік және коммуникация министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Әбілғазы Құсайынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол картасы бағдарламасын жүзеге асыру барысында жергілікті, қала және елді мекендер автомобиль жолдарының құрылысына, қайта салу мен жөндеу жұмыстарына 52 млрд. теңге бөлді. Бұл көрсеткіш 2001 жылдан бастап 2006 жылдар аралығындағы мерзім бойынша жергілікті автожолдар желісін қаржыландыру көлемінен 20 пайызға жоғары. Бөлінген қаржы есебінен 2874 шақырым автожолдар жөнделіп, 55 мыңнан астам жұмыс орны құрылды», деді Ә. Құсайынов.

Оның айтуынша, өткен жылы жергілікті желі бойынша 4,9 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Ол автожолдардың жалпы желісінің 7 пайызын құрайды. «Еліміздің автожолдар саласының тарихында, әсіресе ауылдық аймақтарда аталған көлемде және қарқындылықты автожолдарды мұндай жөндеу жұмыстары болған емес», деді министр.

«Селекторлық кеңестердегі жүйелі бақылаулар, Үкіметтің отырысындағы тұрақты тыңдаулар жол-құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», деп тұжырды сөзін Ә. Құсайынов.

Оның айтуынша, 2010 жылы жол картасы аясында аяқталмаған нысандарды жөндеу, жаңа автожолдар мен көшелерді салу жұмыстары жалғасады. Бұлардың жалпы құны 29 млрд. теңге, ұзындығы 2020 шақырым. «Жүзеге асыру тәжірибесі жолға қойылды. Барлық жұмыстарды біз белгіленген мерзімде аяқтайтын боламыз», деді министр.

Соңғы жаңалықтар