Жол картасы бойынша Атырау облысында 11 мың жұмыс орны ашылды - Елбасы
АТЫРАУ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысында екікүндік жұмыс сапарында жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті атқарушы өкіметтің Жол картасы бойынша ойдағыдай жұмыс істеп отырғанын атап көрсетті.
«Атырау облысында Жол картасы бойынша елеулі жұмыс көлемі атқарылды. Қазірдің өзінде инвестициялық жобаларға бөлінген 8,4 миллион теңге игерілді. 36 жоба жүзеге асырылды. 11 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыста құрылыс және жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде, қалалар мен ауылдар абаттандырылуда, мектептер мен ауруханалар жаңартылып жатыр», - деді Мемлекет басшысы Атырау жылу-электр орталығындағы қуаты 25 мВт турбинаны пайдалануға беру салтанатынан кейін энергетиктермен кездесуде.
«Тұтастай алғанда мен қазақстандықтардың мемлекет тарапынан қолдау шараларын құлшыныспен қабылдағанын көріп отырмын. Біздің Жол картамыз қазірдің өзінде қиыншылықтарды еңсерудің тиімді құралы ретінде танылды. Сондықтан да біз оны міндетті түрде жалғастыратын боламыз», - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.