«Жол картасы» бойынша жұмыспен қамту биылғы басымдықтың да бірі болып қалады

А. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Дағдарыс туындаған кезеңнен бері дүние елдерінің басты проблемасы жұмыссыздықпен күреске ауғаны белгілі. 2010 жылы да бұл өзекті проблема күн тәртібіндегі бірінші мәселелердің қатарында қала берері анық. Үлкен ұйымдар, беделді халықаралық сарапшылық топтар барыс жылын дағдарыстан кейінгі үмітті жыл ретінде қарастыра келгенімен де, басты қауіптің бір ұшы тағы сол жұмыссыздыққа кеп тіреледі.
None
None

Экономикаға жан біте бастайды деп болжанғанымен де, алдағы уақытта дамуға бірден секірудің мүмкін еместігі айқын аңғарылады, ендеше жылдағы көп түйіннің бірі жұмыссыздықтың өсуі мәселесі нақты шараларды жалғастырып, күшейте түсуді талап ететіні сөзсіз. Жұмыссыздық белең алса, қоғамды тұрақсыздық жайлайды. Бұған мысал келтірудің қажеті шамалы.

Халықаралық еңбек ұйымының есебіне сүйенсек, соңғы жылдары әлем бойынша жұмыссыздық мәселесі тым қордаланып кеткен. Егер 2008 жылы әлемде жұмыссыздар 190 миллион болса, 2009 жылы бұлардың саны шамамен 240-250 миллионды құраған. Бұл көрсеткіштің өзі осындай деректерді жинай бастаған 1991 жылдан бергі ең жоғары деңгей екен. Ал дағдарыс салқыны қайтпай, тіпті қайтқанымен одан оңалу ұзақтығы созыла берсе, жыл сайын еңбек рыногын 45 миллион адам жұмыссыз ретінде толықтырып отыратын көрінеді. Тіпті бұндай жұмыссыздықтың үдерісі бойынша оларды жұмысқа орналастыру үшін 2009 жылдан 2015 жыл аралығындағы кезеңде әлемде 300 млн.-ға жуық жаңа жұмыс орындарын құру қажет етіледі екен. Сондықтан халықаралық сарапшылар алдағы 2010-2011 жылдары да әлем елдері бойынша жұмыссыздық санының артуынан қауіптенеді, сонымен күреске үндейді. Атап айтқанда, былтырғы қарашаның басындағы Үлкен жиырмалық (G20) тобының қабылдаған қорытынды коммюникесінде «экономикалық және қаржылық орнықтылықтың қалпына келуі ынталандыру шараларына байланысты, ал жұмыссыздық әлі де осы бағыттағы негізгі проблемалардың бірі болып қала береді», деп көрсеткен болатын.

Әрине, мемлекеттер, халықаралық қауымдастық дағдарыспен бірігіп, қарым-қатынастарды арттыра отырып күресу қажеттігіне тоқайласты, әрі бұның нәтижелі болатынына да көз жеткізіп келеді. Дегенмен, әрбір мемлекет ішкі нарығын қорғау, азық-түлік қауіпсіздігін арттыру секілді мәселелермен қатар, жұмыссыздықпен күрес тәсілін өз алдына ұстанады.

Сондай тәсілде Қазақстан Үкіметінің «Жол картасы» өз тиімділігін көрсетті. Бұл тұрғыда ҚР Премьері Кәрім Мәсімов жылды қорытындылау жиынында : «Егер 2009 жылдың нәтижелері жайлы айтатын болсақ, халықты ішкі жалпы өнімнің өсімі соншалықты қызықтырмайды. Адамдарды ең алдымен жұмысы бар ма, жоқ па осы мәселе алаңдатады. Менің ойымша, 2009 жылдың ең үлкен жетістіктерінің бірі, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің әкімдіктермен бірлесіп атқарған күш-жігерінің арқасында жұмыссыздық бақылауда болды. Біз ірі кәсіпорындармен жұмыс орындарын қысқартпау туралы келісімге келдік. Таза нарықта бұл дұрыс емес те шығар. Алайда олар толыққанды жұмыс аптасын сақтады, нәтижесінде жаппай қысқартуды көргеніміз жоқ», деген болатын.

Ресми деректерге қарасақ, жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясы болып табылатын былтырғы «Жол картасы» бағдарламасы аясында мыңдаған жұмыс орны құрылып, кадрлар қайта оқытылып, даярланды. Мемлекет басшысының қолдауымен сәтті жүргізілген аталмыш бағдарламаның тиімділігін халық сезді. Жол картасының инвестициялық жобалары бойынша 2009 жылы 167 млрд. тан астам теңге игерілген. 5 мың 221 жоба іске асқан. 258 мыңнан астам жұмыс орындары құрылып, бұнда 248 мыңға тарта халық жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жұмыс орындарына халықтың нысаналы топтарынан 120 мың адам тартылып, ол бойынша 7,6 млрд. теңге игерілді. Республика бойынша 98,5 мың кадрлар қайта даярлықтан өтсе, бұның 66,1 мыңы дайындықты аяқтап, 38 мыңы жұмысқа тұрыпты. Жалпы, 2009 жыл басында үрейлі болған проблема шешімін тапты, қазақстандық еңбек нарығында жағымсыз тенденция жағадан алған жоқ.

Дегенмен, бүгінгі жағдайда еңбек нарығын қалыпты сақтап тұрудың маңыздылығы зор болып отыр. Өңірлерде белсенділік қажет етіледі. Сол себептен де Мемлекет басшысы тікелей желі барысындағы сұхбатта жұрт көңілінен шыққан «Жол картасының» жалғасатынын, оның салалары да ауқымданатындығын айтқан болатын. Яғни, биылғы жылы бағдарламаның негізгі ауаны өзгеріп, оны жергілікті жердің өндірісін дамытуға да бұру қарастырылады. Нәтижесінде, «Жол картасы» аясында алдағы күндері өңірлерде өндірістер ашылып, тұрақты жұмыс орындарын ашу шаралары қамтылады деген сөз.

Сонымен бірге, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүргізу де үлкен жұмыс күшін топтастырады. Бұнда жұмыс күші ғана емес, жоғары білікті мамандар да қажет етіледі. Мәселен, 2010 жылы осы бағытта 134 жобаны аяқтау жоспарланған. 8 млрд. теңгеден астам инвестиция жұмсалатын бұл жобалардың құрылысының өзіне 16 мың 500 адам жұмылдырылады екен. Ал бұл нысандар іске қосылса 17 мыңға тарта жаңа жұмыс орындары құрылады. Бұдан бөлек, бағдарламаның екінші бағыты бойынша 51 жобаға құрылыс жұмыстарын биылғы жылы бастау жоспарланып отыр. Бұған 100 мыңға жуық жұмысшы тартылмақ. («Батыс Еуропа-Батыс Қытай» - 50 мың, Газ химиялық кешені - 12 мың, Балқаш жылу электр стансысы - 8 мың, Бейнеу - Бозой - Ақбұлақ - 4 мың). Аталған инвестициялық жобаларға 3,9 трлн. теңге инвестициялау қарастырылған.

Жалпы, дағдарысты еңсерудің қазақстандық жолы, яғни үдемелі өнеркәсіптік даму, ірі халықаралық қаржы құралдарын қатыстыра отырып, көліктік-транзиттік инфрақұрылымды арттыру шаралары дамудың орнықтылығын айқындап қана қоймайды, кең ауқымда жұмыспен қамту мәселесін де орынды шешеді. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстар соның айғағы.

Соңғы жаңалықтар