«Жол картасы» жас мамандарға жол көрсетуде
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат - «Жол картасы» бағдарламасы аясындағы «Жастар тәжірибесінің» жас мамандарға тигізетін септігі көп. Алматы облысында 2009 жылы «Жол картасына» бөлінген қаржыға қосымша өңірдегі әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар тәжірибесі бағдарламаларын кеңейтуге 728 млн. теңге қарастырылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің ресми сайты.
Бағдарлама аясында жастарды тәжірибеден өткізу үшін жеке кәсіпорындар мен ұйымдардың ғана емес, мемлекеттік мекемелердің де есігі айқара ашылуда. Өткен жылы 1043 ұйым-кәсіпорынмен жасалған келісімнің нәтижесінде жоспарланған 2177 адамның орнына нақты 2922 адам еңбекке тартылған. Алты ай бойы жұмыстың қыр-сырын меңгерген жас мамандардың 1016-сы өз қабілет-қарымын көрсетіп, тәжірибеден өткен мекемесіне тұрақты жұмысқа орналасты. Атап айтқанда, Қазақтелекомның бөлімшелері, аудандық білім бөлімдері, мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының филиалдары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық, білім, мәдениет нысандарының қызметкерлері атанды.
Қазір алғашқы жартыжылдықта түрлі мекемелерде өз машықтарын жетілдіріп жүрген 1454 жастың тұрақты жұмысқа қалу-қалмауы өз білімі мен білігін таныта алуына байланысты.
Айта кетерлік жайт, үстіміздегі жылы әлеуметтік бағдарламаларға қатысушылардың еңбекақысы 15 мың теңгеден 20 мың теңгеге көтерілген.