«Жол картасы» жөнге салынса, ел ырысы еселене түседі

АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында берген тапсырмасын орындау үшін Үкімет Өңірлік еңбекпен қамтылу стратегиясын жүйелі түрде іске асыруға кірісіп кетті.Ауызекі тілде «Жол картасы» деп аталатын бұл құжаттың мынадай дағдарыс кезінде әлеуметтің көңіл-күйін төмендетпей, келешекке деген кемел сенімін нығайтуда маңызы зор.
None
None
Бірден айтайық, қазіргі уақытта республикамызда осы стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі министрліктердің, ведомстволардың, әкімдіктердің бірлескен дайындық жұмыстары толығымен аяқталды. Стратегияның өмірмен етене қабысуы үшін нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды, республикалық бюджет туралы заңға, халықты жұмыспен қамту және мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты заңнамаларға өзгертулер енгізілді. Мәселен мамыр айының басында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң халықты жұмыспен қамтуды дамытуға, жұмыссыздық деңгейін азайтуға, жұмыс уақытының толық емес режімінде жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қолдау үшін жағдай жасауға, сондай-ақ 2009-2010 жылдары жұмысынан айырылып қалған азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғауды арттыруға бағытталған. Жалпы «Жол картасын» жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 140 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Мақсатты топтарға кіретін тұлғалардың саны көбейтіліп, әлеуметтік төлемдердің мерзімі 4 айдан 6 айға ұзартылды. Барлық деңгейдегі мәслихаттар жергілікті бюджеттерді нақтылап, «Жол картасын» теңдей қаржыландыратын соманы анықтады. Ол - 51,3 млрд. теңге. Бұдан бөлек, өңірлерге беру үшін қарастырылған республикалық бюджеттегі жоспарланған қаражат әкімдіктерге толық көлемде аударылды. «Жол картасы» аясында елімізде 254,2 мың қосымша жұмыс орнын және жастар тәжірибесі бағдарламасын кеңейту әрі халықтың мақсатты топтары үшін әлеуметтік жұмыс орнын құру есебінен 95,7 мың уақытша жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың мамыр айында облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне Стратегияны іске асыру үшін 15, 3 млрд. теңге аударылған. Оның ішінде 14,6 млрд. теңге жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 324 млн. теңге әлеуметтік жұмыс орнын және жастар тәжірибесін құруға, 334 млн. теңге кадрларды даярлауға және қайта даярлауға жұмсалатын болады. Бүгінде бөлінген қаржыны игеру жұмыстары басталды. Айталық, 500 жоба бойынша жөндеу жұмыстары қолға алынып, бұл мақсатқа бөлінген қаржының 6,4 млрд.теңгесі игерілген, 14 мың 561 жұмыс орны құрылған. Бұдан бөлек жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді еңбекке орналастыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 3 мың 945 кәсіпорындар және ұйымдармен келісімшарттар бекітіліп, 10 мың 896 түлек оларға еңбек етуге жіберілген. Кадрларды дайындайтын 382 оқу орны анықталып, олардың 228-мен келісімшарттарға қол қойылған. Бүгінде 9 мың 223 адам қайта даярлықтан өтіп жатыр. Енді «Жол картасы» аясында атқарылып жатқан жұмыстың мына парасына ойыссақ. Мамырдың 8-нен бастап еліміздің барлық өңірлерінде мемлекеттік сатып алуларды жүргізудің айрықша тәртібін қолдана отырып, «Жол картасы» бойынша жұмыстарды іске асырудың конкурстық рәсімдері басталды. Таяу уақыта өңірлерде «Жол картасында» жоспарланған барлық жобалар бойынша мемлекеттік сатып алулар жөніндегі конкурстар аяқталады. Мамырдың 26-ғы жағдай бойынша, 2 мың 312 жоба бойынша мемлекеттік сатып алулардың конкурстары өткізілген. Бұл жобалардың жалпы санының 48,4 пайызы. Конкурс жеңімпаздарымен 1 мың 638 келісімшарт жасалған. Осы тұста «Жол картасын» жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуы аса маңызды дүние екенін айтқымыз келеді Бұны Үкіметтің осы дүйсенбідегі селекторлық кеңесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова көтерді. «Қазіргі таңда «Жол картасын» жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаражатын тиісті және мақсатты пайдалану маңызды мәселе болып табылады. Қаражаттың қалай болса солай жұмсалуына жол бермеу қажет. Аталмыш жобаны жүзеге асыратын бизнес қоғамдастықтар белсенді жұмыс жүргізгені жөн», - дейді министр. Г. Әбдіқалықованың сөзіне қарағанда, «Жол картасының» қалай жүзеге асып жатқанына мониторинг жасау үшін министрлік еңбекпен қамту мәселесі бойынша жедел есеп жүргізудің бірыңғай формасын әзірлеген. Осындай жүйелі жұмыстар жолға қойылғанына қарамастан, бірқатар өңірлер «Жол картасын» жүзеге асыруға әлі құлшына кіріспепті. Мәселен Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында бұл мәселемен айналысатын орган әлі анықталмаған. Министрлік деректерді алу үшін кімге жүгінерін білмей әлек болып жатқан көрінеді. Бұл олқылықты жою үшін Еңбек министрлігі Үкіметке «Жол картасының» жүзеге асырылу барысын тиімді бақылауды қамтамасыз ету үшін ведомствоаралық комиссия мүшелері басқаратын жұмыс топтарын құру туралы ұсыныс жасап отыр. Мұндай жұмыс топтары жергілікті жерлерге шығып, жағдайды көзбөн көріп, кем-кетіктерді жоюмен айналысатын болады. Ішінара осындай түйткілдер болғанымен, тұтастай алғанда Үкіметтің «Жол картасын» тиімді жүзеге асырып жатқанын айту қажет. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың өзі бұны айрықша назарында ұстап отыр. Үкімет басшысы облыстардың, Алматы мен Астана қалаларының әкімдеріне Өңірлік еңбекпен қамтылу стратегиясын жүзеге асыруды кешеуілдетпеуді, ал орынбасары Ербол Орынбаевқа «Жол картасын» жүзеге асыру үшін аймақтарға бөлінген қаржыны қайтадан бөліп, қаржыны мейлінше қажетті тұстарға бағыттау мәселесін пысықтауды тапсырып отыр. Дағдарыс кезінде халықты еңбекпен қамтудың маңыздылығын ескеріле отырып, бұл мәселе Үкіметтің алдағы аптадағы селекторлық кеңесінде тағы да қаралатын болып келісілді.
Соңғы жаңалықтар