Жол картасының шеңберінде халықты жұмыспен қамту мәселелері кейде формалды түрде жүргізілген - Есеп комитеті

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында Жол картасының іске асырылу тиімділігіне жүргізген бақылауының нәтижелерін қорытындылады,

Жол картасының шеңберінде халықты жұмыспен қамту мәселелері кейде формалды түрде жүргізілген - Есеп комитеті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бақылау-талдау іс-шаралары барысында Жол картасын іске асырудың нәтижелерін көрсететін әлеуметтік-экономикалық тиімділіктің сапалық көрсеткіштерінің болмағаны анықталды. Жол картасын іске асыруға бөлінген бюджет қаржысын пайдаланудың тиімділігіне жоспарлаудағы кемшіліктер де теріс әсерін тигізген. Мәселен, 2009 жылы Жол картасын іске асыруға арналған қаржының жалпы көлемі облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері әзірлеген халықты жұмыспен қамту картасының негізінде белгіленген.

Сонымен бірге, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлер бөлінісіндегі еңбек нарығына сапалы талдауды жасай алмады. Облыс әкімдіктері халықты жұмыспен қамту карталары бойынша болжамды көрсеткіштерді асыра көрсетіп отырған, ал бұл көрсеткіштер бюджет қаржысын бөлу кезінде негізге алынған болатын. Нысаналы трансферттер өңірлер арасында бөлінгенде өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейі ескерілмеген, бұл кейбір облыстарда көрсеткіштердің асыра көрсетілуіне себеп болды. Осы ретте Жол картасының үйлестірушісі ретінде, яғни, қаржыландырудың жалпы көлемін анықтауға жауапты болып Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгіленген еді», делінген Есеп комитетінің қорытындысында. Бұдан бөлек, өңірлер бөлінісінде қаржыландыру лимиттерінің бөлінуін талдау барысында республикалық бюджет қаражатының ең үлкен көлемі бірлесіп қаржыландырудың аса жоғары көлемін қамтамасыз еткен облыстарға бөлінгені анықталған. Осылайша, өңірлердегі еңбек нарығының іс жүзіндегі жай-күйі емес, өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуі қаржы бөлу үшін негізгі өлшемдердің бірі болып отырған.

Сонымен бірге, есеп комитеті Жол картасының шеңберінде халықты жұмыспен қамту мәселелері кейде формалды түрде жүргізілгенін атап өтеді. Мәселен, жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасқан адамдарды жұмысқа орналасқаннан кейін алғашқы 10 күн ішінде жұмыстан шығару оқиғалары анықталды. Бос орындар болса да, мердігерлік ұйымдар жұмыссыздардың уағдаласылған санын жұмысқа қабылдау жөніндегі шарттарды ұдайы сақтай бермеген.

Осыған орай, Есеп комитеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Жол картасының іске асырылу қорытындысын көрсететін әлеуметтік-экономикалық тиімділіктің мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштерін жетілдіріп бекіту жөнінде ұсыныс берді. Өңірлер бөлінісінде еңбек нарығының жай-күйіне жасалатын талдаудың сапасын арттырып, өңірлік еңбек нарығындағы шиеленістің тиісті коэффициентерін ескеру қажеттігі көрсетілді.