Жол-көлік апатынан мерт болғандар қатары 4 адамға жетіп, жетеуіне дәрігерлік көмек көрсетілуде - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана-Бурабай автобанының Ақкөл қаласы тұсынан өтер жерінде «Минивэн» жеңіл көлігі алдында келе жатқан жүк көлігіне соқтығысып, үш адам сол жерде, тағы біреуі ауруханада қайтыс болған.
Облыстық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ризахмет Жанбековтың айтуынша, шағын автобус 12 қырғыз азаматын отырғызып Ресейдің Челябі қаласына бет алған көрінеді. Отызға жаңада толған тепсе темір үзетін жігіттер шетелге жұмыс іздеп шыққан көрінеді. Жол үстінде «минивэн» жүргізушісі қалғып кетіп, алдындағы шымкенттік «КамАЗ» жүк көлігіне бар пәрменімен соқтығысып қалған. Ауыр халдегі жүргізушіге және қалған жеті жолаушыға емдеу мекемесінде дәрігерлік көмек көрсетілуде.