Жол полициясы автобус жүргізушілерінің жол ережесін бұзбауы бағытында алдын алу шараларын жүргізуде - БҚО
ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО жол полициясы басқармасы 27-31 желтоқсан аралығында автобус жүргізушілерінің жол ережесін бұзбауы бағытында алдын алу шараларын жүргізуде.
Басқарманың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, осы кезеңде инспекторлар жолаушы есебінде автобустарға отырып, соңғы аялдамаға дейін барлық заңбұзушылықты тіркеп отырады. Сосын хаттама толтырылады. Есіктері ашық күйінде қозғалып кететін немесе кез келген жерде жолаушыны отырғызатын жағдайлар автобустарда жиі кездеседі.
Биылғы он бір айда автобус жүргізушілеріне қатысты жол ережесін бұзғаны үшін 1027 хаттама толтырылған.
Жол полициясы сондай-ақ автокөліктердің қолды болмауы үшін де алдын алу шараларын ұйымдастыруда. Автокөліктер көпшілік жағдайда қараусыз қалғандықтан, айдап әкетіледі. Биыл жыл басынан бері 69 айдап кету, автокөлік салонынан 112 ұрлау оқиғасы тіркелген.