Жол саласындағы отандық ғалымдардың әзірлемелері коммерцияландырылады
АСТАНА. KAZINFORM – Зерттеулердің басым бағыттарын және жол саласындағы негізгі сын-қатерлерді айқындау, сондай-ақ отандық ғалымдардың жаңашылдық әзірлемелерін көрсету және коммерцияландыру үшін платформа құру мақсатында Алматыда «Жол құрылысы: ғылым және бизнес» атты форум өтті.

Форум аясында отандық ғалымдар өздерінің коммерцияландыруға дайын технологиялары мен материалдарын әлеуетті инвесторлар мен салалық органдарға ұсыну, сондай-ақ әзірлемелерін одан әрі коммерцияландыру үшін байланыс орнату және инвестицияларды тарту мүмкіндігіне ие болды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыруға ерекше назар аударған болатын. Бұл үшін ғылыми қоғамдастық пен бизнестің өзара іс-қимылының тиімді механизмін құру қажеттігін атап өтті. Форум аясында осы механизмді іске асыру және құру үшін тың идеялардың айтылатынына сенімдіміз», - деді ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.
Форумды «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ қолдауымен ұйымдастырып, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университеті қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.