Жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл — мемлекеттің басты міндетінің бірі. Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр. Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер. Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды, — деді Мемлекет басшысы.
Президент кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейтінін, тіпті, қоғам талқысына түсіп жататынын атап өтті.
— Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған — Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған. Сондықтан, жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек. Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, жиын барысында Президент Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын құжат болуға тиіс екенін айтты.