Жол жоқ, көпір құрылысы басталар емес: БҚО тұрғыны алыс ауыл мәселесін көтерді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Құрайлысай ауылдық округіне қарасты Сайқұдық елді мекенінің бірнеше мәселесі шешілмей тұр.

лай
Фото: Тәжіқыз Дүйсенғалиева

Ауыл тұрғыны Тәжіқыз Дүйсенғалиеваның мәлім еткеніндей, Сайқұдық аудан орталығынан шалғайда 100 шақырым шамасында орналасқан.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл адамдарын ең алдымен қинайтыны – жол. Жол салынады делінгелі біраз жылдың жүзі болса да, «баяғы жартас – сол жартас», құрғақ уәделерден ештеңе өнер емес.

- Өлеңті өзенінен өтетін көпір салу мәселесі де көптен айтылып келеді. Бірақ мұның да шешілетін түрі жоқ. Бұған қомақты қаражат керек дегенді айтады. Бетін топырақпен жауып, жасалған өткел ғой. Қазіргі кезде жаңбыр жауып тұр, езіліп жатыр. Жауын-шашын жалғасса, өткелден өту қиынға айналатын түрі бар, - дейді Т.Дүйсенғалиева.

Тұрғынның айтуынша, биыл ауылда заманауи үлгідегі тұрғын үйлер бой көтерген. Алайда мердігер «Арт Строй» ЖШС М.Өтемісұлы көшесінен тағы бір екі пәтерлік үйдің орнын белгілеп қойғанымен, құрылысы аяқсыз қалған.

лай
Фото: Тәжіқыз Дүйсенғалиева

- Айналасында септик үшін қазылған шұңқырлары ашық күйінде тұр. Алда қар түскен кезде адамға да, жануарларға да қауіпті екендігін ойламағаны ма? Сол жерлермен жүріп, балалар мектепке барып келеді. Олардың жайы не болмақ? Тағы бір мәселе, Жаманнан келетін ауыз судың азабы жетерлік. Су құбырлары жоғары қысымға шыдамай, жарылып қалады. Оны ауыстыру, құбырдың бүлінген жерлерін жамау, сол жердің ұңғымасын қазу үшін трактор әкелудің өзі ұзақ әңгіме. Бұл туралы осыған дейін де жазылды, - дейді Сайқұдық ауылының тұрғыны.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Ақжайық ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдады.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, Барбастау-Ақжайық-Индер автожолының 93-145 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Соған байланысты аталған жол бойында орналасқан елді мекендерге, соның ішінде Жұбан ауылының кіреберіс жолын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып, сараптамадан өткізілген. Бірінші кезең – 17 шақырым, жоба құны – 2 млрд 879,9 мың теңге, екінші кезең – 17 шақырым, 2 млрд 635,6 млн теңге. Тиісті облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім жолданған. Осы 34 шақырым жасалғаннан кейін ғана Сайқұдық елді мекеніне дейінгі жолға жоба жасалатын болады.

лай
Фото: Тәжіқыз Дүйсенғалиева

- Көпір бойынша көтерілген мәселеге келетін болсақ, аталған жол аудандық маңызы бар жолдардың қатарында тіркелмеген. Дегенмен жергілікті әкімдік пен ауыл тұрғындары бірлесіп, жол қатынасын үзбеу мақсатында биыл ағын су бұзған учаскелерге мүмкіншілігіне қарай топырақ төселіп, қалпына келтірілді. Жалпы, көпір құрылысы – күрделі және қомақты қаражатты талап ететін мәселелердің бірі. Жаңадан көпір салу мәселесі күні бүгінге шешімін таппай отыр. Тұрғын үй құрылысы бойынша «Арт Строй» ЖШС-мен хабарласқан кезде аталған жер телімі олардың меншігінде болмай шықты. Соған қарамастан, бұл жұмыстар сол мекеменің араласуымен жүргізілгендіктен, ескерту берілді. Мердігер жер қатқанға дейін аталған жерді көміп, қалпына келтіретін болады, - делінген ресми жауапта.

лай
Фото: Тәжіқыз Дүйсенғалиева

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл тұрғындарының бір апта бойы су жоқтығын айтып шағымданғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар