15:13, 09 Шілде 2016 | GMT +5
Жолаушылар ұшағы жаңылысып, АҚШ әскери-әуе күштері базасына қонған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Delta Air Lines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Оңтүстік Дакота штатындағы азаматтық әуежайға қонудың орнына АҚШ әскери базасының аэродромына қонған, деп хабарлайды РИА Новости.
Азаматтық әуе кемесімен болған оқиға бейсенбі күні Эльсуорт ӘӘК базасында орын алды. А320 әуе лайнерінің бортында Миннеаполис әуежайынан Рэпид-Сити әуежайына ұшқан 130 жолаушы болған.
Аэродромдағы сақтық шарасы ретінде әскерилер ұшақты қоршап, жолаушыларға иллюминатор перделерін жабуды бұйырған және ұшақты итпен тексеріп шыққан.
Соңында лайнер ұшуға рұқсат алып, Рэпид-Сити әуежайына үш сағат кешігіп қонды.
Алдын ала ақпараттар бойынша, әскери база мен азаматтық әуежай арасы 8 шақырым болса да, ұшқыш компас бағдарында бірдей көрсетілген ұшу-қону жолақтарын шатастырып алған.
Әуе компаниясы ұшқыштардың жұмыстан уақытша шеттетілгені туралы хабарлады.