Жолдар жөнделіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Ақтөбе қаласындағы көше жолдарын жөндеу үшін бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын 6 көшеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, 12 көшеге орташа жөндеу жасалады, деп жазады Ақтөбе басылымы.
None
None

Биыл аула жолдарын жөндеуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. 120 көп қабатты үйді қамтитын 78 аула жолдары жөнделетін болады.  Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов мәлімдеді. Кеше шаһар басшысы қала көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарымен танысып, құрылыс жүргізіліп жатқан бірнеше нысанды аралады.

 

6 КӨШЕГЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Ақтөбедегі автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы - 647 шақырым. Бұл жолдардың тең жартысы жөндеуді қажет етеді.

Жол жөндеу жұмыстары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жіті бақылауында тұр. Жөнделіп жатқан жұмыстардың сапасын әр сенбі, жексенбі сайын бақылаймыз. Өткен сенбі күні жеке өзім құрылыс жүргізіліп жатқан жолдардың бәрін аралап, қадағаладым, - дейді қала басшысы Ілияс Испанов.

Қазір 6 жолға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Олар: Сәңкібай батыр даңғылынан Самара - Шымкент тасжолына дейінгі ұзындығы 2 шақырым болатын (Молдағұлова даңғылы, Бәйішев көшесі) автокөлік жолы, Шымкент - Самара тасжолының 723 шақырымнан Сәңкібай батыр даңғылына дейінгі бөлігі, 101-атқыштар бригадасы көшесі (Сәңкібай батыр даңғылынан Әбілқайыр хан даңғылына дейін), Маресьев көшесінің Сәтбаев көшесінен Пацаев көшесіне дейінгі бөлігі, Бейбітшілік даңғылының Рысқұлов көшесінен Маресьев көшесіне дейінгі бөлігі.

Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың арасында бұрын жөндеу жасалмаған Пожарский, Тайбеков  көшелері бар.

Сонымен қатар, 14 көшені орташа жөндеу жоспарланып отыр.

Республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, Ағайынды Жұбановтар, Шернияз, Зинченко, Қалдаяқов және басқа да жалпы ұзындығы 15 шақырым болатын қала көшелерін жөндейтін боламыз, - дейді шаһар басшысы. Оның айтуынша, тағы да 13 көшенің жөндеу жұмыстары үшін және Қызылжар ауылына жол салу мақсатында қосымша қаражат мәселесі қарастырылып жатыр.

Жоспар жүзеге асса, қала жолдарының проблемасы біршама шешіледі, - дейді Ілияс Испанов.

Қала басшысының айтуынша, жол салған мердігер мекемелер жолдың сапасына үш жылға дейін кепілдік береді. Осы жылдар ішінде 9 жолдың сапасыздығы анықталды. Қазірдің өзінде оның 8-іне қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бір жол жөнделіп жатыр.

 

БҰРЫН-СОҢДЫ ЖӨНДЕЛМЕГЕН ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛЕДІ

Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан жолдардың бірі - Иманов көшесі. «Росказдорсервис» ЖШС директоры Александр Турбайдың айтуынша, шамамен бір аптаның ішінде жол құрылысы аяқталады. Бұдан кейін аталған мердігер мекеме Оспанов көшесіндегі жолды жөндеуге кіріседі.

Пацаев көшесін жөндеуге жауапты мекеме - «КТП» ЖШС. Бұл жолға соңғы рет бұдан 8 жыл бұрын күрделі жөндеу жасалған. «КТП» ЖШС директорының орынбасары Владимир Жигулевтің айтуынша, аталған көшенің жолын жөндеу үшін 145 миллион теңге бөлінген.  Жөндеу жұмыстары шілденің соңында аяқталады.

Бұрын-соңды жөндеу жүргізілмеген жолдардың бірі - 101-атқыштар бригадасы көшесінің Сәңкібай батыр даңғылынан ағайынды Жұбановтар көшесіне дейінгі бөлігі. Қазір бұл көше кеңейтіліп жатыр. Екі жолақты жолдың орнына төрт жолақты жол салынады. Мердігер мекеме  «ЖолАлғаСистемс» ЖШС жөндеу жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Ұлы Отан соғысы жылдары менің әкем осы 101-атқыштар бригадасының құрамында жауға қарсы шайқасты.  Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа бұл жолдың мәселесін көтеріп, хат жазған едік. Өтінішімізді орындағаны үшін өңір басшысына тұрғындардың атынан алғыс айтамын. Бұрын-соңды жөндеу жүргізілмеген көшеміз жаңарып жатыр. Жол кеңейтілді. Екі емес, төрт жолақты кең жол салынатын болады. Біз бұған қуаныштымыз, - дейді  қала тұрғыны Мусина.

 

АУЛАІШІЛІК ЖОЛДАР: 120 ҮЙ. 78 АУЛА

Қаладағы аулаішілік жолдарды жөндеу мақсатында бюджеттен 418 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 78 аула жолы жөнделетін болады. Олардың ішінде Гришин, Рысқұлов көшелерінде орналасқан үйлердің аулалары да бар.

Қала әкімі бастаған топ 12-шағын аудандағы Мәметова көшесі 15 және 16 «б» үйлерінің маңындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл жұмысқа жауапты мердігер мекеме - «АктобеГорДорСтрой» ЖШС. Аталған тұрғын үйлердің ауласының жалпы көлемі - 2160 шаршы метр. Яғни, осы  аумақтың жері тегістеліп, 6 см қалыңдықта асфальт жамылғысы төселеді. 600 шаршы метр аумаққа жиектастар қойылады. Сондай-ақ, үйдің ауласынан Мәметова көшесіне дейін көлік жолы салынады. «АктобеГорДорСтрой» ЖШС директоры  Николай Буканевтің айтуынша, қазір мердігер мекеме 12-шағын аудандағы №25, №26, №28, №41, №43 үйлердің аула жолдарын жөндеп болған.

Ал «Ерхат жолдары» ЖШС Гришин көшесіндегі үйлердің аула жолдарын жөндеп жатыр. Қазірдің өзінде 9 үйдің аула жолдары жөнделіпті. Жақын күндері Гришин көшесіндегі 70-үйдің де аула жолы жөнделіп болады.

Жалпы, аула жолдарын жөндеуге 7 мердігер мекеме жауапты. Олар: «Ерхат жолдары», «Дорожник», «Жігер-Ақтөбе», «АктобеКапРемСтрой», «МАТ Актобе ЛТД», «ЖК Строй»,  «АктобеГорДорСтрой»    жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

 

Соңғы жаңалықтар