Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жолдардағы автопатрульдауды енгізу эксперименті қазірдің өзінде оң нәтижесін берді - ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы

ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандыда жұма күні ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбековтың қатысуымен жол полициясы бөлімшелерінің екі күндік республикалық көшпелі жедел кеңесі басталды.

Жолдардағы автопатрульдауды енгізу эксперименті қазірдің өзінде оң нәтижесін берді - ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы

Кеңесте саптық бөлімшелердің қызметтерін жетілдіру мәселелері, сондай-ақ республиканың төрт қаласында 2009 жылғы тамыздың 1-інде басталған автопатрульдеу әдісімен жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру бойынша эксперименттің алғашқы нәтижелері талқыланды. Іс-шараға сонымен қатар, судьялар, прокурорлар, ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің және жол полициясы ақпараттық-іздеу жүйелерін енгізуді жүзеге асыратын кәсіпорындардың қызметкерлері қатысуда.

Жол полициясы комитетінің төрағасы эксперименттің Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Өскемен қалаларында өткізіліп жатқандығын еске салды. Аймақтарды таңдау жол полициялары бөлімшелерінің материалдық-техникалық жарақталуына байланысты болған. Бүгінгі күні Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасының жағдайы айрықша жақсы екендігі аталды.

«Эксперименттің басталғанына екі ай болса да, алғашқы көрсеткіштер оң нәтижелерді көрсетіп отыр. Алматы мен Өскемендегі апаттарды және зардап шеккендердің санын айтарлықтай төмендетуге қол жеткізілді. Қарағанды мен Ақтөбеде апаттардың және зардап шеккендердің саны төмендеді», - деді Жол полициясы комитетінің төрағасы.

Экспериментке тағы бірқатар: Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының қосылатынын хабарлады Қ.Тыныбеков.

Эксперимент 2010 жылғы наурыздың 1-іне дейін жалғасады деп жоспарлануда.