Жолдау бір жылға емес, алдағы он жылға бағдарланып отыр - М. Нәрікбаев
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биылғы Жолдаудың бір ерекшелігі, бұл бір жылға емес, алдағы он жылға бағдарланып отыр.
Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаннан кейін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Әділет партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев осылай мәліметті.
«Биылғы Жолдаудың ерекшелігі оның бір жылға емес, алдағы он жылға бағдарлануында деп ойлаймын. Президент еліміздің он жылдан кейін қандай деңгейде болатынын айтып, алдағы жылдары жететін межемізді белгілеп қана қоймай, оған қалай жетудің жолдарын да жіктеп берді. Маған ұнағаны: Елбасының білім саласында алға қойған мақсат-міндеттері. Ойлап қарасаңыз, еліміздің жоғары білім жүйесінде еуропалық үлгіге көшкенімізге 8 жылдан асса да, кеңестік кезеңдегі тәртіпті, құқықтық-механизмдерді қалдырдық. Соның кесірінен еліміздің жоғары оқу орындарында академиялық тәуелсіздік жоқ болып қалды. Ал Н. Назарбаев «Назарбаев университетін» құрып, оны заңдастыру арқылы осы академиялық тәуелсіздіктің қандай болатынын көрсетті. Жолдауда Президент осы мәселені де бір тиянақтады», - деді М. Нәрікбаев.
Сонымен қатар, партия төрағасы 2015 жылға дейін 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қажеттігін айтып, ол жүйе жүзеге аспаса жоғары білім саласындағы мақсаттарды орындау қиын болатынын айтып өтті. «Өйткені, біздің жалпы орта білім орындарын бітірген оқушыларымыз қазіргі жаңа жүйедегі жоғары білімді қабылдауға дайын емес. Сондықтан да Президент осы мәселені алға жүктегені маңызды болмақ», - деді ол.