Жолдау жүктеген міндеттер: COVID-19-бен күрес, ШОБ-қа қолдау, салықтарды қысқарту, инвестиция тарту
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде бүкіл әлемнің экономикасы күйзеліске ұшырап тұр. Оған себеп - аз уақыттың ішінде жаһан жұртшылығын әбірге салған COVID-19. Осынау коронавирус індетінің өте жоғары қарқынмен тарауы салдарынан бүкіл жер бетінде мұнай мен газ, түсті және қара металлургия, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының жұмысы іркілді. Бюджетке салық түрінде түсетін қомақты қаржы сап тыйылды. Соның салдарынан 2020 жылдың қорытындысында әлемдік экономика минусқа кетіп, 5,2 пайызға құлдырайды деген болжам бар.
Бұл соңғы бірнеше жылдағы жаһандық экономиканың ең тоқыраған кезі болады деген пікірді айтушылар көп. Мәселен, Дүниежүзілік банк деректеріне қарағанда, жыл қорытындысы Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінің экономикасы -7,2 пайызға, Еуропа мен Орталық Азия елдерінде -4,7 пайызға, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде -4,2 пайызға, Оңтүстік Азия елдерінде 2,7 пайызға төмендемек. Тек Шығыс Азия мен Тынық мұхиты бассейні елдерінің экономикасында 0,5 пайыз өсім болмақ.
Міне осындай жағдайда не істемек керек? Мұның жауабын 1 қыркүйекте Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты атап, бұл бағытта Үкімет атқаруы тиіс бірқатар тапсырма жүктеген-ді. Яғни, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу үшін індет кезінде үлкен қиындыққа душар болып отырған шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын ширата түсу міндеттелді.
Айта кетерлігі, күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқан шағын және орта бизнеске, 700 мыңнан астам кәсіпкерге шеккен зардабын еңсеру үшін салық жеңілдіктері берілген болатын. Сонымен қатар төлем мерзімі кейінге шегеріліп, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылған еді. Бірақ, ахуал әлі де күрделі болып тұрғандықтан Қазақстан Президенті бұл салаға қосымша қолдау шараларын жүзеге асыруды тапсырды. Ал шағын және орта бизнеске Үкімет тарапынан қандай қолдау шаралары болатынын бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтып берді.
«Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнеске қосымша көмек көрсету мақсатында соңғы заемші үшін жылдық 6 пайызға жеткізе отырып, ШОБ-тың қолданыстағы кредиттерінің пайыздық ставкасын субсидиялау жүргізіледі. Судсидиялау төтенше жағдай режимі жариялаған сәттен бастап 12 айлық кезеңді жабады», - деді бірінші вице-премьер Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, бизнес ахуалды одан ары жақсарту үшін кешенді шаралар қабылданады. Бұл тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру, барлық реттеушілік талаптарды тексеруді және оларды қысқартуды қамтиды.
«Қазіргі уақытта Кәсіпкерлік кодексіне бекіте отырып, реттеушілік апелляция институтын енгізу бойынша шаралар дайындалып жатыр. ШОБ субъектілері осы жылдың соңына дейін республикалық және коммуналдық меншік нысандары бойынша жалға алу төлемін төлеуден босатылады. Мұндай шара квазимемлекеттік нысандарға да қолданылады. Зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілері Жалақы төлеу қорынан зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына және медициналық сақтандыру қорына төлем аударудан жылдың соңына дейін босатылады. Орта шикізаттық емес кәсіпорындарға бағдарланған экспорттық акселлерация бағдарламасы іске қосылады. Кәсіпкерлікті қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлініп, жеңілдік ставкамен айналым капиталын кредиттеу көлемі 800 млрд теңгеге дейін жеткізіледі және бұл бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесін 35 пайызға дейін арттыру және бұл салада жұмыспен қамтылғандар санын 4 млн адамға дейін жеткізу тапсырмасын орындауға септігін тигізеді», - деді Әлихан Смайылов.
Дегенмен, 2025 жылға қарай мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін кәсіпкерліктің дамуына тұсау болып отырған салықтар мен алымдарды қысқарту қажеттігі айтпаса да түсінікті. Өйткені, бүгінде елімізде салықтар мен алымдардың 40-қа жуық түрі бар. Салықтық міндеттемелерді орындауды барынша жеңілдетіп, салықтар мен өзге де төлемдердің санын азайтқанда ғана шағын және орта бизнестің тынысы ашылары анық. Ал бұл бағытта Үкімет не істемек? Бірінші вице-премьердің сөзіне қарағанда, салық міндеттемелерінің орындалуын жеңілдету, салықтар мен төлемдер санын азайту мақсатында ұлттық заңнамаға толық тексеру жүргізіледі. Бұл жұмыс қазіргі уақытта басталып та кеткен. Барынша зардап шеккен сектордағы шағын және орта бизнес үшін айналымнан жекелеген салық төлеу құқығын енгізу мәселесі де пысықталу үстінде. Экономиканы әртараптандыру және бюджетті толықтыру үшін салықтық ставканы саралау мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
«Басты бюджеттік коэффициенттер мен ережелер, тиімділікті бағалау және бюджет саясатының тұрақтылығы жинағы әзірленетін болады. «Кеңейтілген бюджет» енгізу арқылы шоғырландырылған бюджетке бюджеттен тыс қорларды қосу жолымен мемлекеттік қаржыны кешенді бағалау енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде бюджеттік жоспарлаудың жаңа тәсілдері мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі ұлттық басымдықтарды барынша толық жүзеге асыруды қамтамасыз етеді», - деді ол.
Экономиканы сауықтыруға шетел инвестициясының да қосар үлесі қомақты. Сондықтан да Президент Жолдауында бұл мәселеге айрықша тоқталып, шетел инвестициясын тартуға және тапқан табысты Қазақстанға қайта құюға барынша ынталандыру керектігін баса айтқан еді. Осы міндетті орындау үшін ел Үкіметі инвестициялық жобалардың жүзеге асыру мерзімі бойы заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Стратегиялық инвестициялық келісім енгізбек. Кәсіпкерлік және Салық кодекстеріне, сонымен қатар «Арнаулы экономикалық аймақтар туралы» Заңға түзетулер енгізіп, инвесторлармен стратегиялық келісім жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық жобалар пулын жасақтамақ.
«Әрбір ірі инвестор жеке тәсілмен қамтамасыз етіледі. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру процесінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуеті толық қолданылады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына дейін жеткізіледі», - деді бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.