ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: Халық арасында өз денсаулығына деген жауапкершілік артып келеді - Астанадағы №2 емхананың бас дәрігері Л.Рысбекова

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау жүйесіндегі скрининг тұжырымдамасы ХХ ғасырда кеңінен тарап, қазіргі таңда дамыған елдердің көпшілігінде қолданылып келеді. Қазақстанда 2011 жылдан бастап «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында скринингтік бағдарламалардың тізімі кеңейтілді.

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: Халық арасында өз денсаулығына деген жауапкершілік артып келеді - Астанадағы №2 емхананың бас дәрігері Л.Рысбекова

Халықаралық тәжірибе профилактикалық шаралардың жоғары тиімділігін дәлелдеп отыр. Аурулардың алдын алудағы скринингтің басымдығы 1940 жылдары туберкулез науқастарын анықтау үшін жаппай флюорография пайдаланыла бастаған кезде байқалды. Скрининг тұжырымдамасы біртіндеп басқа да аурулардың алдын алуда қолданыла бастады.

Қазақстанда Ұлттық скринингілік компания «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты ретінде бастау алғаны белгілі. Бұл бағдарламаны Үкімет Елбасының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында айтқан тапсырмасына сәйкес жүзеге асырып отыр.  «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында жүргізіліп отырған скрининг-тексерулер ауруларды ерте анықтаудың іргелі қағидаларының бірі болып табылады. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, 15-20 жыл бойына ұзақмерзімдік скринингілік бағдарламалар енгізу белгілі бір ауру түрлерінен өлім-жітімді 2 есеге азайтуға мүмкіндік береді екен. Осы тұрғыда  елімізде іске асырылып жатқан ауқымды осы бағдарлама аясындағы жұмыстар жайында Астанадағы  №2 емхананың бас дәрігері Ләззат Рысбековадан сұхбат алуды жөн көрдік.

- Ләззат Асығатқызы! Бүгінде осы скрининг аясында қандай аурулар тексеріліп жатыр?

- Скринингтің мақсаты - ауруларды бастапқы кезеңінде анықтауға негізделген. Сондықтан бұл қадамдарда осы бағытта тәжірибесі мол елдердің сараптамасы ескерілді. Осы орайда айтарымыз, жүрек-қан тамырлары ауруларын, жатыр мойны қатерлі ісігін, қант диабетін, глаукоманы, балалардың туа біткен және тұқымқуалаушылық есту патологиясын ерте жастан анықтау, тәуекел топтарында «В», «С» гепатиттерін бастапқыда анықтау скринингі қамтылған. Біз жыл сайын скрининг аясында емхана базасында зерттеулердің жоспарын жасаймыз. Атап айтқанда, дерттің асқынуына жол бермес үшін скринингтердің маңызы зор. Артерия гипертониясы бүгінде аурулардың арасында өзекті мәселеге айналып отыр. Осы дерттің біздің елде ғана емес, сонымен қатар әлемде үлесі жоғары.

 -  Бұл аурулардың артуына не себеп болып отыр?

- Бұған өмірде қажу көңіл-күй мен жұмыстағы ауырпалықтар әсер етеді. Сондықтан скрининг жоспарына осы ауруға шалдығуы мүмкін адамдардың белгілі бір жастағы топтары қамтылған. Өлім-жітім деңгейі көбінесе қан айналымы жүйесі үлесінде болғандықтан, өткен жылы негізгі басымдық бұл ауруларды айқындауға арналды. Биыл енді қатерлі ісік дерттерінің өсіміне тосқауыл қоюға ерекше назар аударамыз. Бүгінде бұл індет түрі де артып келеді. Сондықтан скринингте жатыр мойны, сүт бездері обырын бастапқыда анықтау ескерілген.

- Қан айналымы жүйесі ауруларын қай жастан бастап тексересіздер?

- Қан айналымы жүйесі дерті бүгінде жастарға қарай ауысуы үрдісіне ие болды. Сондықтан осы індетті тексеруді біз 18 жастағы азаматтардан бастаймыз. Яғни, біз бір жылы жұп санды жастағы азаматтарды тексеретін болсақ, келесі жылы тақ санды жастағы адамдарды қараймыз. Мәселен, өткен жылдағы нәтижеге тоқталатын болсақ, артерия гипертониясы мен жүрек ауруларын бастапқыда айқындау скринингі барсында №2 емхана бойынша 10,5 мың адамды тексеру қамтылды. Осының қорытындысы аясында 882 адам артериялық гипертензиясының жоғары көрсеткішімен анықталып, оның ішінде 28-і жүрек ауруымен белгілі болды. Бұл  өз кезегінде скрининг сапалы жасалғанын көрсетіп отыр. Дерттері айқындалған азаматтардың барлығы тіркеуге алынып, әр емделуші індеттің деңгейіне қарай топтарға бөлінді. Олар осы аурудың әрі қарай асқынуына жол бермес үшін тиісті деректермен қамтылды. Қан айналымы жүйесі ауруын анықтауға біздің емхана бойынша жоспарға 12 мың адамды тексеруді енгіздік.

- Бұл індеттерді емдеуге арналған дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету барысы қалай жүріп жатыр?

- Артериялық гипертензиясы мен жүрек аурулары дәрілік заттармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. 2011 жылы емделушілердің бір бөлігі дәрімен 50 пайыздық жеңілдікпен қамтылса, ал биыл аурулардың барша топтарын дәрілік препараттармен тегін қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

- Скринингте қамтылған барша індеттерді тексеру үдерісі қалай жүреді?

- Біз азаматтарды өзіміз шақырамыз. Байқасаңыздар, арнайы шақыруларды азаматтардың тұрғылықты жерлеріне таратамыз және халық көп жиналатын желерге тиісті ақпараттарды ілеміз. Атап айтқанда, әр учаскелік дәрігер адамдардың тегі бойынша жас аралығы топтарына реттелген азаматтарға арналған жоспарды құрады. Осы дәрігердің қарамағында екі медбике жұмыс істейді. Медбикенің біреуі скринингтік зерттеулерге жауап береді. Ол әр үйге барып, азаматтарды скринингке шақырады. Біздің емханада скринингтік зерттеулерге негізделіп, арнайы жасақталған екі кабинет бар. Скринингке келген азаматтарды тексеру,  кеңес беру шаралары ақысыз түрде жүзеге асырылады. Біз диагноз қойғаннан кейін емделуші бұдан әрі қарай емдеу бақылауына тіркеледі.

 - Жалпы скринингтік тексерілуге адамдардың келуі қалай?

 - Халық арасында өз денсаулығына деген жауапкершілік артып келеді. Өткен жылдарға қарағанда жұртшылық арасында денсаулықты сақтауға көңіл бөлу бойынша ниеттері артуда. Біздіңше, бұған біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарындағы танымдық ақпараттар және денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары қабылданған басқа да тиісті тетіктер ықпал етіп отыр. Әр адам өз денсаулығына жауаптылықпен қарауы өте маңызды. Осы орайда аталған профилактикалық тексерулерден әр адамның уақытылы өтуі қажет екенін тағы да еске салғым келеді.

- Бұл тақырыптан бөлек мәселеге тоқталатын болсақ, бүгін емханада кадр мәселесі шешілді ме және жоғары оқу орындарын аяқтап келген жас дәрігерлердің біліктілігін қалай бағалайсыз?

- Мақтанып отыр деп ойламаңыздар, бірақ та емханадағы кадр мәселесін толығымен шештім деп айта аламын. Бүгінде учаскелік қызметтегі дәрігерлердің 95 пайызы жасақталды. Олардың қатарында педиатрлар, терапевтер, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер бар. Сонымен қатар мамандандырылған дәрігерлер бөлімі 100 пайызға жасақталып болды. Ал жоғары оқу орнын аяқтап, жұмысқа келетін мамандарға тоқталатын болсақ, олардың біліктілігімен бірден кәсіби деңгейде қанағаттанамын айта алмаймын. Олар дайын дәрігер болып ешқашан да келмейді. Себебі, университетті аяқтап келген жас маман алдымен дәрігер болу үшін белгілі бір уақыт керек. Алайда, олардың теориялық дайындығы жаман емес. Ең бастысы, жұмыс істеуге қызығушылық бар, бұл жастарда. Біз жастарды қалай үйретсек, олар әрі қарай осыған сәйкес қызмет жасайтын болады.