Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: Халықтың тұрмысын көтеру үшін жұмыспен қамту және қолжетімді баспанаға ие болу - ең басты мәселе

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жария еткен Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы туралы еліміздің қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері өз ойларын ортаға салуда.

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: Халықтың тұрмысын көтеру үшін жұмыспен қамту және қолжетімді баспанаға ие болу - ең басты мәселе

Сонымен қатар отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық сарапшылар да, саяси лауазымды тұлғалар да Қазақстан Президентінің бастамалары жөнінде пікір білдіруде.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Гүлнәр Сейітмағанбетова Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелер туралы жан-жақты айтып берді.

- Гүлнәр Сүлейменқызы, биылғы Елбасы Жолдауының өзіндік ерекшеліктері қандай? Халықтың көңілінен шығатын бастамалар деп қандай мәселелерді атап өтер едіңіз?

- Әр жылғы Елбасы Жолдауы өзінше жаңалықтарымен ерекшеленіп тұрады. Биылғы Жолдаудың да бастамалары ел тұрғындары тарапынан өте жылы қабылданды. Басты ерекшелігі - биылғы Жолдау еліміздің 20 жылдығын қорытындылап, жаңа кезеңге аяқ басқалы тұрған тұста болып отыр. Яғни, бұл Жолдауда алдағы үшінші он жылдықта қандай істер атқарылуы керек, қандай межеге жетуіміз керек, соның бәрі сала-сала бойынша жан-жақты қамтылды. Соңғы жылдардағы әлемді шарпыған дағдарыстарға қарамастан экономикалық көрсеткішіміз жыл сайын тұрақты өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы ел эко­номикасы 7,5 пайызға өсті.

Мемлекет басшысы Жолдауда он бағыт бойынша жұмыстар атқаруды міндеттеді. 

Жолдаудағы менің көңіліме қонған ең басты мәселе - халықты жұмыспен қамту. Жұмыссыздық деңгейі алдыңғы жылдары 7,3 пайыз болса, өткен жылы 5,3 пайызға дейін төмендетілді. Ол үшін Парламент көптеген заңдар қабылдады, Үкімет бірнеше нақты іс-шаралар атқарды. Бірақ әлі де жұмыссыздық мәселесінің халықты алаңдататыны жасырын емес. Өңірлерге барып, кездесулер өткізгенде жұмыссыздықтың өзекті болып тұрғанын анық байқап жүрміз. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына келетіндердің біразы жұмыс мәселесін алға тартады. Сондай-ақ сайлаушылар тұрғын үйге қолдары жетпей жүретінін жиі айтады. Елбасы көтерген екінші мәселе - қолжетімді баспанамен халықты қамтамасыз ету. Халықтың тұрмысын көтеру үшін жұмыспен қамту және қолжетімді баспанаға ие болу ең басты мәселе деп ойлаймын. Жұмысы бар адам қаражат табады, басында баспанасы болса, тұрмыстың қалған қажеттіліктерін өзі реттеп алатыны анық. Себебі мемлекет оған жағдай жасап отыр.

- Аталған бағдарламаны жүзеге асырудың жолдары жөнінде таратып айтып берсеңіз?

- Өткен жылы Елбасы бастамасымен «Жұмыспен қамту - 2020» пилоттық бағдарламасы барлық облыстарда жүргізілді. Ол үш бағытта жүзеге асуда. «Нұр Отан» партиясы осы бағдарламаға мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты дұрыс игерілуіне бақылау жасау жөніндегі комиссия құрды. Мен аталған комиссияның ішіндегі сараптама кеңесінің мүшесімін. Өңірге барғанда халықты жұмыспен қамту орталықтарының ашылу рәсіміне қатыстым. Сол жерде жұмыс жасап жатқан адамдармен пікір алмастық. Жұмыспен қамту орталықтары жұмыс іздеп келген адамдарды тіркеп, оларды үш бағыт бойынша бөліп, біріншіден, оларға қайтадан мамандық алуына жәрдем жасайды. Екіншіден, ауылдан келген адамдарға шағын несие аламын десе, шағын несие алу үшін кәсіпкерлік жасау ісіне үйретеді, семинарлар өткізеді. Өнім өндіретін және халыққа қызмет көрсететін саламен айналысатындарға ғана шағын несие бөлу қарастырылып отыр. Ал сауда-саттықпен айналысатындарға несие берілмейді.

Енді 2012 жылдан бастап жұмыспен қамту бағдарламасы пилоттық жүйеде емес, Қазақстан  бойынша жалпы жүргізіле бастайды. Оған мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінеді. Сол қаржының тиімді пайдалануына баса көңіл бөлуіміз керек. Бұл іске ұрандататын науқандық жұмыс ретінде қарамауымыз керек. Нақты жұмыс орындарын ашып, адамдардың психологиясын, жан-дүниесін, менталитетін өзгертіп, қосымша мамандыққа ие болуға, шағын несие алып, өздерінің өндірісін ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтуына қол жеткізуіміз керек. Бұл өте ауқымды жұмыс. Осы істе сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуіміз қажет. Халқымызға түсіндіру жұмыстары көбірек жүргізілгені жөн. Тұрғындарды мемлекеттің жасап отырған мүмкіндігін пайдаланып қалуға үгіттеу керек. Әсіресе, жұмыссыз жүрген жастарымыз осы бағытта жаңа мамандық алуға бейімделуі керек деп ойлаймын.

- Елбасы көтерген келесі мәселе - халықты тұрғын үймен қамтудың жаңа жолы.

- Иә, Елбасымыз қолжетімді баспана мәселесін көтерді. Өткен жылдары 6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені мәлім болды. Бірақ бүгінгі таңдағы алдымыздағы міндет жарты млн-нан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуіміз керек деді. Ол үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 млн шаршы метрге жеткізу қажет.

Бұған дейін жас отбасыларын, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамту жөніндегі бағдарламалар жүзеге асырылды. Енді бүгінгі таңда жалға берілетін үйлер тұрғын үй жинақ банкісі арқылы берілетіні көзделуде. Ұзақ мерзімді жалға алу, кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Айта кетейік, Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда көптеген жастар пәтер жалдап жүр. Ал Елбасы бастамасымен жүзеге асқалы тұрған «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы тек қана үймен қамтып қоймайды, халықтың көптеген әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени, демографиялық мәселелерін шешеді. Себебі қымбат пәтерлерді жалдап жүрген жастарымыз дүниеге бала әкелуге шешім қабылдай алмайды. Ұрпақ өсіруді кейінге қалдырып жүргендері қаншама?! Кейбір отбасылар пәтер жалдап, соның ауырпашылығынан ажырасып кетіп жатыр. Ал өзінің тұрғын үйі бар отбасының қаражаты үнемделіп, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік алады. Кезек-кезегімен балалары өмірге келеді. Бұл бағдарламаны қаржыландыру, үйлердің кімдерге берілуі тиіс екендігі жан-жақты ескерілетін болады.

- Сіздің қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Мәселен, Беларусь елінде көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде өзіндік ерекшеліктер бар. Айталық, ипотекамен үй алса, төртінші баласы дүниеге келсе, қарызының 25 пайызын өтеуді Үкімет өз мойнына алады. Ал бесінші баласы дүниеге келсе, 50 пайызын, алтыншы, жетінші бала туылғанда қарызының 100 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Біздің елде Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет әзірлейтін бағдарламада осы жағы ескерілсе екен деймін. Сонымен қатар жас отбасыларына да қандай да бір жеңілдіктер қарастырылғаны жөн деп ойлаймын.

Жалға берілетін үйлер көп салынса, оның пайдасы да өте зор. Себебі оны алған адам ақшасын сол бойда түгел төлемейді. Жалдау ақысын төлеп тұра береді. Әбден мүмкіндігі болған уақытта ғана сатып алады. Жеке адамның пәтерін жалдағаннан анағұрлым артық. Бұл бағдарлама құрылыс саласының қарқынды дамуына әсер етеді. Тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады. Құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары жұмыс істейді. Ол да халықты жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Бюджетке салық түрінде қосымша табыс түседі. Зейнетақы қорларына да қаражат жіберіледі. Мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Айналып келгенде, түпкі нәтижесі мемлекеттің экономикасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға алып келетіні сөзсіз. Қалаларды да, өңірлерді де дамытуға ықпалы зор. Тұрғындарды үймен қамтудың арқасында халқымыздың жағдайы жақсарады.

- Елбасы Жолдауында өңірлерді дамыту жайына кеңірек тоқталды. Енді осы бағыттағы пікірлеріңізді ортаға салсаңыз?

- Президент «Қуатты Қазақстан дегеніміз - бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы болып саналады»,- деді. Елбасы өңірлерді дамыта отырып, келешегі зор қалаларға басымдық берілетіні туралы айтты. Ондай қалалардың қатарына өндіріс орындары шоғырланған қалалар жатады. Біз қаласақ та, қаламасақ та сондай ірі қалаларға адамдар жұмыс іздеп барып жатыр. Себебі ірі өндіріс орындарында тұрақты жұмыс бар, уақтылы еңбекақы төленеді. Басымдық берілген қалалар - Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент. Өзім Маңғыстау өңірінен шыққан адам ретінде Ақтаудың аталған қалалардың қатарына енгеніне өте қуаныштымын. Себебі соңғы жылдары Ақтау қаласы өте қарқынды даму үстінде. Республикадағы теңізге шығатын порты бар бірден-бір қала. Теңіз қақпасы арқылы шетелге жүк тасымалын жасап отырмыз. Қазақстанның астығы, мұнайы, құрылыс материалдары, т.б. тауарлары теңіз арқылы экспортқа шығарылуда. Ақтау қаласының стратегиялық маңызы зор. Аталған қаланы ерекше назарда ұстап, мемлекеттік деңгейде дамыту қажет деген пікірге қосыламын.

Жаңа жұмыс орындары ашылғанда жіті назар аударылатын бір мәселе бар. Біздің өндіріс орындарымызға шетелден мигранттар емес, біздің Қазақстан азаматтарының жұмысқа орналасуы бақылауда болып, белгілі бір жүйеге келтірілуі керек деп есептеймін.

Жолдауда негізгі бір өндіріс саласы бойынша өмір сүріп жатқан шағын қалаларды әр сала бойынша тиімді жолдармен дамыту мәселесі қойылды. Себебі Жаңаөзен қаласының бүгінгі әлеуметтік жағдайының осындай күйге түсуі кейбір жайттардың ескерілмегендігінен орын алғандығы байқалды. Бұл қала бастапқыда қырық мың тұрғынға арналып салынған. «Өзенмұнайгаз» кәсіпорны үшін әуелі вахталық кент болған. Кейін қалаға айналды. Бүгінгі таңда 120 мың тұрғыны бар. Қала халқы күннен-күнге өсуде. Біріншіден, оралмандар есебінен өсіп жатса, екінші жағынан тұрғындардың өзіндік өсімі де жоғары. Сондықтан бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамтуда үлкен проблема туындап отыр. Өткен жылы облыс әкімінің шешімі бойынша Жаңаөзен қаласына оралмандарды қабылдау мәселесі тоқтатылды. Сондықтан шағын қалаларда әр саланы жүйелі түрде дамытсақ, нәтижесі бірден байқалатын болады. Айталық, Жаңаөзенге таяу орналасқан Кендірліде туризмді дамыту ісі қолға алынбақшы. Елбасы Жолдауында туризмнен көп пайда таба алмай отырғанымызды айтып өтті. Жалпы, тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің үштен бірі - Маңғыстау өңірінде. Жалпы, Маңғыстау облысында барлық елді-мекендер газбен, электр жарығымен толықтай қамтамасыз етілген. Егер осы өңірде туризмді дұрыс жолға қоятын болсақ, көл-көсір пайда табуға болады. Шағын қалаларды әртараптандыру туралы бағдарламаны әзірлеу міндеті Үкіметке жүктелді. Осы істі қолға алғанда біздің ұсыныстарымыз да ескеріледі деген үміттемін.

Елбасы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын әлі де жетілдіру қажеттігін айтқан болатын. Барлық рұқсат беру құжаттары осы ХҚКО арқылы берілуі керек. Бұл қолға алынатын ауқымды іс. 

- Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына қазір тұрғындар риза. Әлі де жетілдіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Есіңізде ме, осыдан біраз жылдар бұрын құжат алу мәселесі халықты әуре сарсаңға салатын еді. 1990 жылдардың ортасында жаңа төлқұжат алған кезде ұзақ-сонар кезекке тұрушы едік. Кейде құжаттар жоғалып кетуші еді. Арыз-шағымдар көп болатын-ды. Ал соңғы жылдары халыққа қызмет көрсету орталықтары  құрылған соң, көп мәселелер шешімін тапты. Бастапқыда Әділет министрлігінің қарамағында болса, кейін Байланыс және ақпарат министрлігінің құзырына өтті. Жасалған жұмысты атап өтуіміз керек, аталған министрлікке Асқар Жұмағалиев жетекшілік етіп тұрғанда, ол халыққа қызмет көрсету орталықтарына өзі барып, қарап, тиісті шаралар қабылдап, осы саланың жұмысын алға жылжытты. Қызметкерлердің еңбекақысы төмен еді, оны өсірді. Халықпен жұмыс істеу мәдениетіне баса мән берілді. Ендігі мақсат - осы деңгейімізді түсіріп алмай, әлі де жетілдіре түсу, ХҚКО-ны үлкен құрылымға айналдыру. Сонда біз бұл саланы өркениетті елдердегідей деңгейге жеткіземіз.

Тоғызыншы бағыт - индустриялық-инновациялық даму. Ғасыр құрылысы деп аталған Бал­қаш ЖЭС-інің бірінші мо­дулінің құрылысының өзі қаншама жұмыс орнын ашады? Ең бастысы, біздің тәуелсіздігімізді нығайта түсуге негіз болмақ. Яғни, біз басқа мемлекетке энергия қуатынан тәуелді болмауымыз керек. Энергетикалық қауіпсіздігімізді қорғау үшін өзімізді-өзіміз энергия қуатымен, көгілдір отынмен қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл саясаттың маңыздылығы зор.

- Жолдаудан туындаған пікірлеріңізді қандай оймен түйіндер едіңіз?

- Бұл Жолдау халықтың көкейінде жүрген мәселелердің жан-жақты зерделеніп, терең талданып, соның негізінде дайындалған деп есептеймін. Халықтың көңілінен шыққан Президент бастамалары біздің де ойымыздан шығады. Ең басты мәселе - Мемлекет Басшысының тапсырмаларын мемлекеттік құрылымдар, сала-сала бойынша жауап беретін құзырлы органдар, саяси-қоғамдық ұйымдар атсалысып, біріге отырып, сапалы түрде орындау үшін жұмыс істеуі қажет.

Осы Жолдау 20 жылдықты қорытындылаған кезімізде, келесі бір он жылдыққа кезең-кезеңімен белгіленіп қойылған ауқымды міндеттер деп түсінемін. Соның бәрін жүзеге асырсақ, халқымыз бай-қуатты болып, мемлекетіміз нығая береді. 

- Рақмет әңгімеңізге. Заң шығарушылық қызметіңізге табыс тілейміз.