ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР: Индустрияландыру - экономиканы жаңғыртудың басты бағдары
АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат - Ресми дерек бойынша былтырғы 2011 жылы ел экономикасы 7,5 пайызға өссе, ішкі жалпы өнім мөлшері 11 мың доллардан асты. Ал алдыңғы жылы қабылданған индустрияландыру бағдарламасының арқасында соңғы 2 жыл ішінде 350 әртүрлі өндіріс орындары ашылды. 200 мың жұмыс орны іске қосылып, халықтың табысы молайды.
Тек өткен жылы ғана сомасы 970 миллиард теңгеден асатын 237 жаңа жоба пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 45 мыңнан астам тұрақты сапалы жұмыс орындары ашылды. Бұндай қадамдар нәтижесінде Ұлттық әл-ауқат деңгейінің ғаламдық рейтингінде Қазақстан 50-ші орынды иеленді. Дүниежүзілік банктің бизнесті жүргізу бойынша рейтингінде еліміз ТМД елдерін артқа тастап, 47-ші орынға шықты.
Дегенмен, қазіргі заман талабы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жаңғыртуды қажет ететіні айқын. Ендеше дамудың жаңа даңғылы жаңа экономикалық қадамдармен өлшенбек. Осы мақсатта Президент ағымдағы жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағытты» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында Үкімет пен мемлекеттік органдар алдына жаңаша міндеттер қойып, 2012 жылға арналған нақты мақсаттар мен басымдықтар айқындалған болатын. Президент айқындаған басым саналатын 10 міндеттің біреуі индустриялық-инновациялық дамуға арналып отыр. Бұл ретте Елбасы: «Индустриялық-инновациялық даму шеңберіндегі жобалардың әлеуметтік маңызы шексіз.
Бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала береді. Барлық мемлекеттік органдар бұл жұмысты өздерінің негізгі қызметі деп есептеуі тиіс. Біз экономикамыздың озық кластерлерін құруды және дамытуды одан әрі жалғастырудамыз. Бұл жұмыстың қарқыны төмендемеуге тиіс», - дей келе Үкіметке инновациялық кластерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті қаржы қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, Президент өз Жолдауында шикізат ресурстарымыз бен инфрақұрылымдарымыздың жоғарғы бөліністері саласында, осы бөліністерге қызмет көрсететін жаңа ғаламат жобалардың бастау алатындығын жария етті. Атап айтқанда оның біріншісі - Балқаш ЖЭС-інің бірінші модулінің құрылысын бастау. Аталған жоба оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығы проблемасын шешуді қамтамасыз ететін болады. Нысанның қуаты 1320 мегаватт, құны 2,3 миллиард доллар тұратын болады. «Бұл - өте маңызды. Қарқынды дамып келе жатқан оңтүстік өңірде электр энергиясы бойынша тапшылық бар. Біз ешкімге тәуелді болмауға тиіспіз. Бұл мәселе өте көптеген жәйттерді шешеді. Балқаш ЖЭС-і бойынша барлық мәселелер шешілді. Істі жеделдетіп, осы жұмысты бастау қажет», - деді Президент Нұрсұлтан Әбішұлы. Тағы бір нысан - Жамбыл облысында кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі жобаны жалғастыру. Құны шамамен 2 миллиард доллар тұратын тыңайтқыш шығарумен айналысатын нысан ауыл шаруашылығы үшін аса қажет. Оның үстіне жоба Жамбыл облысының және бүтіндей оңтүстіктің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді. Президент белгілеген үшінші мәселе - Атырау мұнай өңдеу зауытында құны 1,7 миллиард доллар тұратын мұнайды терең өңдеу кешенін құруды қамтамасыз ету. Ол бензин өндіруді үш есе дерлік - 1,7 миллион тоннаға дейін, ал дизель отынын 1,4 миллион тоннаға дейін ұлғайтып, Қазақстанды отынның осы түрлерімен қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы айтқан төртінші мәселе - құны 6,3 миллиард доллар тұратын Атырау газ-химия кешенінің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз ету. Аталған нысан жыл сайын 500 мың тонна пропилен мен 800 мың тонна полиэтилен шығаруды қамтамасыз етеді. Мұндай өнім Қазақстанда әлі шығарылған емес. Бесінші мәселе - Қарашығанақ кен орнында қуаты жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысына кірісу. Осымен қатар, Елбасы Үкіметке елдің, астананы қоса алғанда, орталық өңірін газдандыруды қамтамасыз ететін құбырлы өткізгіш жүйесін жоспарлап, жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Аталған алып жобалардың барлығы 2012 жылдың өзінде басталады.
Осындай ауқымды жобалармен қатар жауапты орган - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алдына Елбасы индустрияландыру саясатының бағдарын нақтылай түсу туралы міндет қойған болатын. Оның ішінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Индустрияландыру картасын біраз сын тезіне алған еді. Осы аптада өткен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісінде былтырғы жыл қорытындыланып қана қоймай, алдағы міндеттерді саралағанда Президент жүктеген тапсырмаларға жіті назар аударылды.
Министр Әсет Исекешевтің айтуынша, елді индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде 2011 жылы атқарылған шаралардың арқасында белгілі бір бағыттағы оң үдерістер байқалды. Мәселен, былтыр 237 жаңа өндіріс іске қосылды. 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Соңғы екі жыл ішінде 130 жоба өздерінің жобалық қуатына шығарылған. Бұл ретте министр инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі артып отырғанын мәлім етті. «Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 26 пайызға артып, 50 мың долларды құрады. Өңдеуші сектордың өсімдегі үлесі 6 пайыздан жоғары болып отыр. Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы өңдеуші сектордың жалпы ішкі өнім құрылысындағы үлесі 9 айдың қорытындысы бойынша 12,9 пайызды құрады», - деді Ә. Исекешев. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, «Экспорттаушы-2020» бағдарламасы шеңберінде қазақстандық тауарлар мен брендтерді таныстыру мақсатында шамамен 60 арнайы іс-шара, 14 сауда миссиясы, 20-дан астам шет елдерде сатушылардың-сатып алушылардың кездесулері ұйымдастырылған. 50 шетелдік көрмелерге қазақстандық 67 экспорттаушының қатысуы қамтамасыз етілді. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде 520 млн. АҚШ долларын құрайтын экспорттық келісімшарттар жасалды. Бұдан басқа, былтырғы жылы отандық 81 экспортаушыға өнімдерін экспортқа шығаруға байланысты 101 млн. теңге сомаға шығындары өтелді. 2011 жылдың қорытындысы бойынша өңделген тауарлар экспортының көлемі 21 млрд. доллардан асқан. Қазақстанның өнімдері әлемнің 120-дан астам еліне шығарылады.
Бұдан бөлек, былтырғы жылдың үшінші тоқсанындағы деректер бойынша, Қазақстан экономикасына 15,6 млрд. доллар инвестиция тартылды. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда, 12 пайызға артық көрсеткіш. Инвестицияның айтарлықтай өсімі экономиканың шикізаттық емес секторында да көрініс тауыпты. Мәселен, былтырғы жылдың 9 айында осы салаға инвестицияның көлемі 2,3 млрд. долларды құраған. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда айтарлықтай көрсеткіш және алдыңғы жылға қарағанда 58 пайызға дейінгі ілгерілеушілік байқалды.
Ал алдағы міндеттерге келсек, Елбасы тапсырмасына сәйкес, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ағымдағы жылға жұмыс жоспарын айқындағанда негізгі басымдықты индустрияландыру саясатына жасап, өңірлерге салмақ салынған. Индустрияландыру шеңберіндегі жобалардан бөлек, Қазақстанның өнеркәсіптік саясатын қалыптастыруға, дағдарыс ықтималдығына орай жедел шешімді қажет ететін мәселелерге назар аударылады. Ал негізгі бағытқа келетін болсақ, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі жұмыс 11 бағытпен атқарылатын болады. Оның ішінде жүйе құрушы кәсіпорындарды, орта және шағын кәсіпорындарды жаңғырту, Индустрияландыру картасын өзектендіру қарастырылады, энерготиімділікке қатысты нақты іске көшу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, қазіргі таңда Индустрияландыру картасында қамтылған 220 жобамен жұмыс одан әрі жалғасып, соның ішінде 132 жоба биыл қолданысқа берілетіні күтіледі.
«Президент Индустрияландыру картасының сапасын сынға алып еді. Бұл - әділ сын. Сондықтан біз алдағы уақытта Картаның әдістемесін жүйелендіреміз. Жобаларды іріктеу бойынша талап қатаңдатылады. Оның ішінде негізгі екпін соңғы нәтижелі өнімге, инновациялық жобаларға түсетін болады. Осы бағытта өңірлердегі жұмысты жандандырамыз. Бұл үшін әкімдер бизнеспен, инвесторлармен тұрақты негізде жұмысты күшейтсе, ұсыныстар көтерсе екен. Өз тарапымыздан біз де қолдан келгенді жасаймыз», - дейді министр. Сөйтіп, елдегі және әлемдегі жағдайлар ескеріле келе, сондай-ақ Индустрияландыру картасы бойынша қаржыландыру мүмкіндіктеріне, жаңа жобалар бойынша ұсыныстарға қарай белгілі бір өзгертулер ұсынылады. «Сондықтан да біз жаңартылған Индустрияландыру картасымен наурыз айында Үкіметке шығатын боламыз», - деді Ә. Исекешев.
Индустрияландыру саласындағы маңызды міндеттің бірі геология мен Қазақстанның шикізаттық базасын дамыту болып табылады. Аталған мәселе индустрияландырудың ұзақмерзімді кезеңін қамтитын негізі болмақ. «Біз осы бағытта салалық бағдарлама енгізетін боламыз. Сонымен қатар, геология саласының инфрақұрылымына жағдай жасау, кадрлар даярлау, қайта даярлау жұмыстары аса қажет. Геологиялық барлау жұмыстарына көңіл бөлінетін болады. Аталған шаралар өңірлік дамуға үлкен серпіліс береді. Геологияға, серпін беріп, индустрияландыруға да негіз қалыптастырады. Сондықтан да, біз жақын аралықта геологтардың ұлттық кеңесін құратын боламыз», - деді Ә. Исекешев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев отандық автотехникаларды сатып алуға қатысты қатаң талаптар қойған болатын. «Біздің министрлік бұл ұстанымды толық қолдайтын болады. Қазақстанда осыдан 2-3 жыл бұрын бұл жайында айту мүмкін емес еді, бүгінгі күні Елбасының осы тапсырмасын орындауға барлық негіз бар, жағдайымыз толық келеді. Мәселен, қазіргі таңда елімізде автокөлік техникасы саласында жұмыс істеп тұрған 5 өндіріс бар. Оларда шағын әрі үнемшілден бастап жоғары класты жеңіл автокөліктердің 26 түрі шығарылады. Автобустардың 4 түрі, жүк-коммерциялық техниканың оншақты түрі де шығып жатыр», - дейді министр. Осы мәселелерге тоқтала келе ведомство басшысы Елбасы тапсырмасына орай, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Үкіметке жаңа тетіктер енгізу туралы ұсыныспен шығатынына тоқталды. «Бұл ретте мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар үшін автокөлікке қатысты мемлекеттік сатып алулар барысында арнайы тетіктер қарастырылуы тиіс. Ұзақмерзімді келісімшарттар да осы бағытта жасалуы шарт», - деді Ә. Исекешев.
Жиынды қорытындылаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов еліміздің барлық мемлекеттік органдарына Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды өздерінің бірінші кезектегі міндеті ретінде санауды тапсырды. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы Жолдауында индустриялық-инновациялық даму шеңберіндегі жобалардың әлеуметтік маңызы шексіз екенін атап өткен болатын. Расында да бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала беретін болады. Сондықтан да, барлық мемлекеттік органдар бұл жұмысты өздерінің негізгі қызметі деп есептеуі тиіс», - деді Серік Ахметов. Алдағы уақытта Индустрияландыру картасының жүзеге асуына қатаң бақылау жүзеге асатын болады.